Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады
Республика күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Дональд Трамптың құттықтау жеделхаты келіп түсті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Кейінгі бір жыл ішінде серіктестігімізді тереңдете түскенімізге қуаныштымын. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап екі елге де пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды. 1991 жылы халықаралық аренада Қазақстанды егемен ел ретінде бірінші болып Құрама Штаттар таныған болатын. Сондықтан еліңіздің тәуелсіздігі мен егемендігін және аумақтық тұтастығын әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстарына америкалық компаниялар да зор үлес қосып келеді. Елдеріміз арасындағы берік достық ұзақ жылдарға жалғасатынына сенімдімін. Желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтемін, – деп жазды Дональд Трамп.