Дональд Трамп пен Си Цзиньпин бейсенбі күні Оңтүстік Кореяда кездеседі
Қытай тарапы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың көптен күткен кездесуін ресми түрде растады. Кездесу бейсенбі күні Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Го Цзякунь мәлімдегендей, екі ел басшылары стратегиялық және ұзақмерзімді мәселелерді талқылайды. Оның айтуынша, бұл кездесу Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастарға жаңа серпін беріп, олардың тұрақты дамуына жол ашады.
Трамп та өз кезегінде Си Цзиньпинмен «екі ел үшін тиімді келісімге» келуді көздеп отырғанын айтты. Кездесу туралы жаңалық соңғы апталарда әлемдік нарықтарды тұрақтандыруға сеп болған.
Сарапшылардың пікірінше, Пусан қаласындағы келіссөздер бірнеше айға созылған сауда шиеленісін бәсеңдетуі мүмкін. Еске салайық, соңғы уақытта тараптар бір-бірін тарифтік шектеулер мен экспорттық бақылау арқылы айыптап келген.
Си Цзиньпин Оңтүстік Кореяда бейсенбіден сенбіге дейін өтетін Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық саммитіне және ресми сапарға қатысады. Ал Дональд Трамп саммитке қатыспай, тек екіжақты кездесуге келеді деп күтілуде.