Дональд Трамп пен Густаво Петро ақпанда АҚШ-та кездеседі
АҚШ пен Колумбия президенттері арасында телефон арқылы әңгіме өтті. Осы сөйлесуден кейін Дональд Трамп пен Густаво Петро арасындағы қарым-қатынастағы шиеленіс айтарлықтай бәсеңдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ NBC News-ке сілтеме жасап.
Хабарламада екі ел басшылары бір-бірін жылы сөзбен атап, ақпан айында Вашингтонда жүздесуді жоспарлап отырғанын мәлімдегені айтылған.
Truth Social желісіндегі жазбасында Дональд Трамп колумбиялық әріптесімен кездесуге дайын екенін растады.
Мен ақпанның алғашқы аптасында Ақ үйде Колумбия президенті Густаво Петромен кездесуді асыға күтіп отырмын. Бұл кездесу Колумбия мен АҚШ үшін пайдалы болады деп сенемін. Алайда АҚШ-қа кокаин мен өзге де есірткінің тасымалын тоқтату қажет. Бұл мәселеге көңіл бөлгеніңіз үшін рақмет, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social парақшасында.
Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес президентпен бірге Вашингтонға барып, америкалық ресми тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырғанын, сондай-ақ АҚШ тарапынан елге әскери шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіптен енді алаңдамайтынын айтты.
Кеше ол (Дональд Трамп) Колумбия президентімен ортақ мәселені шешу үшін келіссөз жүргізуді «үлкен мәртебе» деп санайтынын айтты, — деді Педро Санчес.
Санчестің сөзінше, Колумбия Батыс жарты шарында есірткімен күресте АҚШ-тың басты одақтасы болып саналады.
Қорғаныс министрі колумбиялық билік Венесуэлада базалары бар, АҚШ террористік ұйым деп таныған венесуэлалық қылмыстық «Tren de Aragua» синдикаты мен колумбиялық «Colombia’s ELN» тобы жетекшілерінің қозғалысын ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Венесуэламен шекаралас 1400 мильдік аумақты күзету үшін Колумбия 30 мыңға жуық әскери қызметкерін жұмылдырған.
Біз бұл топтарды жеңуге де, оларға қарсы тұруға да дайынбыз, — деп қосты Педро Санчес.
Тарихи тұрғыда АҚШ пен Колумбия арасындағы қарым-қатынас берік болған, Колумбия жыл сайын әскери және өзге де көмек ретінде жүздеген миллион доллар алып келген. Алайда 2022 жылы Густаво Петро билікке келгеннен кейін бұл байланыстар әлсірей бастады. Трамп тұсында да Колумбиямен қатынас салқындаған. Өткен жылдың қазан айында Трамп әкімшілігі Петро мен оның отбасы мүшелеріне есірткі саудасымен байланысы бар деген күдікпен санкция енгізген, бірақ Колумбия президенті бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Сондай-ақ екі апта бұрын Колумбия билігі АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсетке елге келуге шақырған хат жолдағаны хабарланды. Онда Колумбияның есірткі тасымалына қарсы қандай жұмыс жүргізіп жатқанын өз көзімен көру ұсынылған.