Дональд Трамп: АҚШ Венесуэла халқына қол ұшын созуға дайын
Жер сілкінісінен кейін Венесуэлаға көмек беретінін айтты.
АҚШ Президенті Дональд Трамп елде болған бірқатар жойқын жер сілкінісінен кейін Венесуэлаға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жерасты дүмпулері өте күшті болып, көптеген адамның өмірін қиған. Ол табиғи апаттың салдары туралы алғашқы мәліметтердің үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын атап өтті.
Трамп АҚШ-тың барлық бейінді ведомстволарына қажет болған жағдайда шұғыл қолдау көрсету үшін жоғары дайындық режимінде болуды тапсырғанын хабарлады.
Біз көмектесуге дайынбыз және осынау ауыр кезеңде Венесуэла халқының қасынан табыламыз, – деп атап өтті АҚШ президенті Truth Social желісінде.
Қазіргі уақытта Венесуэла билігі жер сілкінісінің салдарын бағалауды және қажетті құтқару шараларын жүргізуді жалғастыруда.
Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада екі бірдей жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланды.
Венесуэладағы жойқын жер сілкінісіне қатысты СІМ қазақстандықтарға мәлімдеме жасады.