«Дон Жуан» елорданы баурап алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының шәкірттері елордалық көрермендерді премьералық қойылыммен таңғалдырды. Вольфганг Амадей Моцарттың аңызға айналған «Дон Жуаны» 14-15 маусымда үлкен зал сахнасында ұсынылды. 

Бұл академияның жас опера әншілерінің «Астана Опера» хоры мен оркестрінің сүйемелдеуінде алғашқы ауқымды еңбегі болды. Дирижер тұғырында «Астана Операның» арт-менеджері, италиялық маэстро Джузеппе Акуавива жарқын өнер көрсетті. Қоюшы режиссер Алла Симонишвили (Италия) болды. 

Ұлы автордың басты опера жауһары саналатын шығарманың сахнада көрініс табуы академия үшін ғана емес, «Астана Опера» театры үшін де үлкен оқиғаға айналды. 

 «Дон Жуанда» Моцарт өзін драмалық операның негізін салған драматургияның жаңашыл композиторы ретінде көрсетеді. Академия үшін бұл өте өршіл қойылым. Туынды айтарлықтай ауқымды және күрделі ансамбльдік сахналарға толы, дегенмен жастар тапсырманы ойдағыдай орындады, – деді дирижер Джузеппе Акуавива.

 Өкінішке қарай, менің олармен оқу жылының басында жұмыс істеуге мүмкіндігім болмады, алайда менің қазір тыңдап жүргенім құрметке лайық.

Моцарт – қиын композиторлардың бірі. Ол кемеңгер, және барлық данышпандарда секілді, оның да шығармаларында артық ештеме жоқ. Сондықтан Моцарттың музыкасын орындаудың өзі табысқа үлкен өтінім болып табылады, – деп атап өтті опера-буффа режиссері Алла Симонишвили. 

Жастардың жұмысына көңілім толады. Қысқа мерзім ішінде олар орындаушылық өнерде ғана емес, сонымен бірге мимика, пластика, қимылда үлкен нәтижелерге жетті. 

Режиссердің айтуынша, XVIII ғасыр – бұл мүлдем басқа дәуір, жүріс-тұрыс ережелері басқа, осынау барлық ерекшеліктерді спектакльді қою кезінде ескеру қажет болған. 

Премьера алдында қызу дайындық жүргізілді, себебі «Дон Жуан» опера академиясы шәкірттерінің алғашқы оқу жылын аяқтағанын білдірді, жастар өздерінің күрделі рөлдерін керемет сомдап, ұстаздары үйреткен барлық білімдерін паш етті. Екі күн көрермендер Расул Жармағамбетов пен Дінмұхамед Көшкінбаевтың орындауындағы Дон Жуанға, Командор – Шыңғыс Расылхан мен Валерий Селивановқа ду қол шапалақтарын жаудырып, Донна Анна бейнесін сомдаған Гүлдана Алдадосова мен Әсем Әубәкіроваға, Донна Эльвира рөлінде сахнаға шыққан Ұлпан Әубәкірова мен Әйгерім Аманжоловаға таңданыстарын білдірді, көпшілік Дон Оттавио – Әлихан Зейнолла мен Талғат Аллабиринов, Лепорелло – Ержан Саипов және Азат Мәлік, Мазетто – Жандарбек Еркінбаев, Церлина – Эльмира Шпекпаева мен Назым Сағынтаймен бірге кейіпкерлердің уайымын бөлісті. 

ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің айтуынша, бірінші оқу жылы маңызды оқиғаларға толы болған, соның нәтижесінде шәкірттер өздерінің орындаушылық деңгейлерін айтарлықтай көтеріп, бойларында сенімділік пайда болған, қанаттарын кеңге жайып, маңызды кәсіби дағдыларды меңгерген. Сондықтан В.А.Моцарттың кемеңгер, сонымен бірге өте күрделі операсы «Дон Жуанға» қатысу академия шәкірттері үшін маңызды емтихан болды әрі олар оны абыроймен тапсырды. 

 Осынау тамаша композитордың музыкасын орындау өте қызықты және сонымен қатар тым күрделі, бұл мол тәжірибе береді. Қойылымға дайындалу әрі қатысу академия тәрбиеленушілерінің орындаушылық шеберлігін арттыруда маңызды кезең болды. Жастардың өскеніне көрермендер алдында табысты өнер көрсетулері дәлел. Дегенмен кемелденудің шегі жоқ, және біз күрделі мамандықтың барлық ерекшеліктерін үйретуді келесі оқу жылында жалғастырамыз. 

Astana Opera Халықаралық опера академиясы – бұл жас опера әншілеріне Франческо Медда, Анатолий Гусев және басқа да танымал маэстролар секілді жоғары кәсіби мамандардан білім ала отыра, шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама. Аталмыш жоба өзі жайлы халықаралық аренада жар салған «Астана Опера» театрының дамуында маңызды, берік негізге айналуы үшін ойластырылған. Академияның ұзақ мерзімді мақсаты әлемдік деңгейдегі мәдениеттің орталығы ретінде «Астана Опера» театрының беделін нығайтуда болып табылады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы