Домбыраны ұшақта алып жүру жеңілдей ме: Қазақстанда жаңа ереже дайындалып жатыр
Қазақстанда ұшақпен музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібін біріздендіру жоспарланып отыр.
Жолаушылар, әсіресе домбыраны алып жүру кезінде жиі қиындықтарға тап болатынын айтып шағымданғаннан кейін бұл мәселе қайта қарала бастады. Қазір әр әуе компаниясының өз талабы бар: кейбірі аспапты салонға алуға рұқсат береді, ал енді бірі міндетті түрде жүк бөліміне өткізуді талап етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осындай айырмашылықтар жолаушыларға қолайсыздық тудырып, түрлі түсінбеушіліктерге себеп болып жүр.
Көлік вице-министрі Талгат Ластаев Сенаттың кулуарында Азаматтық авиация комитеті жаңа ережелерді әзірлеумен айналысып жатқанын айтты.
Бұл құжатта музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібі нақты әрі түсінікті етіп көрсетіледі. Жаңа талаптар барлық әуе компанияларына ортақ болады. Осылайша, әртүрлі түсіндірулер мен даулардың алдын алу көзделіп отыр. Біздің мақсат – бәрін анық жазу: аспапты қалай тасымалдау керек, қандай талаптар бар, қандай рәсімдерден өту қажет. Жолаушылар еш қиындық көрмеуі тиіс, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ережелерде аспаптың көлеміне ерекше назар аударылады. Мәселен, қай жағдайда оны салонға алып кіруге болатыны, ал қай кезде жүк ретінде тапсыру қажет екені нақты көрсетілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, жолаушылар үшін алдын ала әуе компаниясын хабардар ету тәртібі де енгізілуі ықтимал.
Жаңа ережелерді алдағы бір ай ішінде бекіту жоспарланып отыр.