Домбыраны ұлықтауға ниеті жоқ па? – Саиров Абаевты сынады

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Мәжілістің жалпы отырысында «Ұлттық домбыра орталығын» ашу жөніндегі депутаттық сауалға Дәурен Абаевтан мардымды жауап ала алмағанын айтты BAQ.KZ тілшісі. 

«Amanat» фракциясының мүшелері бір ай бұрын сол кездегі вице-премьер Тоғжановтың атына аталған сауалды жолдаған болатын.

Алайда депутаттың айтуынша, Дәурен Әскербекұлы депутаттарға нақты жауап берудің орнына бір бетке концерттер жөнінде есеп жазып жіберген.

Бұл  формализм мен немқұрайлылық па, әлде министрліктің домбыраны ұлықтауға ниеті жоқ па? – деді Саиров. 

Ол сондай-ақ елімізге ресми сапарымен келген Рим Папасы Францисктің өзі домбыраның әлемдік рухани потенциалы жөнінде атап өткенін, президентіміз оған қазақтың рухани өмірінің символы ретінде домбыраны сыйға тартқанын атап өтті. 

Домбыраны мемлекеттік деңгейде ұлықтап, халықаралық бренд жасау уақыт талабы. Домбыраның теориялық аспектілері, домбыраның әртүрлі мектептері, домбыраны әлемдік деңгейде насихаттау бүгінгі технология заманында жаңа әдістерді талап етеді, - деді ол.

Депутат домбыра дыбысының адамның психосоматикалық деңгейіне жақсы әсері жөніндегі зерттеулер туралы тәуелсіздіктің 30 жылында шыққан жалғыз кітап Жұмагелді Нәжімеденовтың «Қоңыр үнді домбырасы» ғана екенін және домбыраның теориясы пен практикасын жасау бүгінде өте өзекті екенін жеткізді.    

 «Ұлттық домбыра орталығын» ашу үшін бюджеттен миллиардтаған қаржының қажеті жоқ. Бұл шешім – жаһандану заманында ұлтымыздың рухани келбетін сақтап қалудың өзегі, - деді Саиров. 

Депутат Дәурен Абаевтың атына депутаттық сауалды қайтадан жолдап отырғанын және заңға сәйкес жауап күтетінін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы