Бүгiн 2026, 16:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Qazaq Core: Қазақ мәдениеті қалай трендке айналды?

Ұлттық нақыш енді тек сахнада емес, TikTok-та, сән индустриясында және жаһандық pop culture кеңістігінде көріне бастады.

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ұлттық құндылықтарымыздың жаңа трендке айналып, қайта жаңғырған кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұрын қазақ мәдениеті көбіне музейдегі жәдігер немесе мерекелік сахнадағы дүние ретінде қаралса, бүгінде ол ескіліктің емес, заманауи сән мен жаһандық трендтің бір бөлігіне айналды. Шапан кию күнделікті стильге еніп, домбыра TikTok-та кең таралған контенттің өзегіне айналды. Ал қазақ киносы халықаралық платформалар арқылы шетелдік аудиторияға жол аша бастады. Ұлттық бірегейліктің осылай жаңаша сипат алуының сыры неде? Қазақы стиль әлеуметтік желіде қалай танымал болды? BAQ.KZ тілшісі талдап көрді.

Qazaq Core: Ұлттық стиль неге қайта сәнге айналды

Қазіргі таңда қазақстандық streetwear мәдениетінде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Күнделікті өмірде заманауи үлгідегі шапандарды кию, тақия мен бөрікті қазіргі киім үлгілерімен үйлестіру, шашбау мен алқа тағу жай ғана сән емес, мәдени бағытқа айналып келеді. Мұны халықаралық ортада Qazaq Core эстетикасы деп атай бастады. Яғни ұлттық элементтерді заманауи streetwear, digital-мәдениет және urban-стильмен үйлестіретін жаңа бағыт қалыптасып келеді.

Бұл жағдай жастардың бұрынғыдай жасанды патриоттық ұрандардан шаршағанын көрсетеді. Олар ұлттық болмысын заманауи, қарапайым әрі табиғи түрде көрсеткісі келеді. Қазір ұлттық нақыш тек тойларда ғана емес, күнделікті өмірде, үлкен қалалардың көшелерінде, сән көрсетілімдерінде де көріне бастады. Соңғы жылдары шыққан отандық streetwear брендтері этноэлементтерді урбан стильмен ұштастырып, жаңа бағыт қалыптастырып жатыр.

Бүгінде ою-өрнек салынған oversize худилер, заманауи пішіндегі шапандар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар жастар арасында кең тарала бастады. Мұндай киімдер енді тек мерекелік образдың емес, күнделікті urban-стильдің де бір бөлігіне айналып келеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде қазақы элементтерді contemporary fashion-пен үйлестіретін образдар жиі жарияланып, жаңа эстетикалық бағыт қалыптастырып жатыр.

Домбыра TikTok-ты қалай жаулап алды

Егер бұрын домбыра тек концерттерде немесе отырыстарда ғана орындалатын аспап ретінде қабылданса, бүгінде ол әлеуметтік желідегі ең танымал мәдени символдардың біріне айналды. TikTok пен Instagram Reels платформаларында жас музыканттар домбырамен әлемдік хиттерге cover түсіріп, қазақы нақыштағы заманауи орындауларды ұсынып жүр. Осындай форматтағы видеолар миллиондаған қаралым жинап, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттырды.

Әсіресе TikTok-та домбырамен әлемдік хиттерді орындау трендке айналды. Жас музыканттар шетелдік танымал әндерді домбырамен орындап, миллиондаған қаралым жинай бастады. Кейбір видеоларда домбыра үні electronic music, phonk және lo-fi бағыттарымен араластырылып, қазақы sound-тың жаңа форматы қалыптасып келеді.

Домбыра үні поп, рок, электронды музыкамен араласып, жаңа сипатта естіле бастады. Қазіргі жастар үшін домбыра тарту ескіліктің белгісі емес, керісінше, креативті ойлау мен заманауи көзқарастың көрінісіне айналды. Осылайша көне аспап қазақтың жаңа цифрлық образын қалыптастырып жатыр.

Қазақ тіліндегі контент неге трендке айналды

Соңғы жылдары отандық медиа кеңістікте таза қазақ тіліндегі сапалы контентке сұраныс айтарлықтай артты. Кәсіби подкастар, тарихи-ағартушылық жобалар, заманауи музыка мен сапалы digital-контент ұсынатын авторлар кең аудитория жинай бастады.

Бұрын қазақ тіліндегі контент көбіне телеарна немесе ресми форматпен шектелсе, қазір YouTube, TikTok, Instagram және Telegram секілді платформаларда жаңа буын авторлары қалыптасты. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді, тарих, психология, қаржы сауаттылығы, кино, музыка мен күнделікті өмір тақырыптарын қазақ тілінде еркін әрі заманауи форматта талқылай бастады. Соның нәтижесінде қазақ тілі тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы емес, сапалы әрі бәсекеге қабілетті медианың тіліне айналып келеді.

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі подкаст индустриясы да қарқынды дами бастады. Қоғам, тарих, кәсіп, психология және lifestyle тақырыптарын қозғайтын қазақша жобалар тұрақты аудитория қалыптастырды. Бұрын тек орыс тілінде өтімді саналған көптеген формат қазір қазақтілді аудитория арасында да кең таралып жатыр.

Соның бір мысалы – әлеуметтік желіде «Тарихшы ағай» атымен танылған блогер Нұрқожа Ерсайын. Ол TikTok платформасында қазақ тарихын қысқа әрі қызықты форматта түсіндіретін видеолар арқылы кең аудитория жинады. Блогердің пікірінше, қазіргі жастар ұлттық мәдениет пен тарихқа бұрынғыдан әлдеқайда көбірек қызығушылық таныта бастаған.

Қазір интернет тек қалада емес, ауылға да толық жетті. Ал ауылдағы аудиторияның басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Соның әсерінен қазақша контенттің де аудиториясы табиғи түрде өсе бастады. Оның үстіне қалалық жастар да соңғы жылдары қазақ тіліне жай қарым-қатынас құралы ретінде емес, өзінің мәдени болмысы мен қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды фактор ретінде қарай бастады, – дейді Нұрқожа Ерсайын.

Медиа сарапшылары мен мәдениеттанушылар да бұл құбылысты ұлттық болмыстың жаңа кезеңге өтуімен байланыстырады. Олардың пікірінше, қазіргі жастар қазақ тілін міндет ретінде емес, өзін еркін танытатын заманауи орта ретінде қабылдай бастады. Соның әсерінен қазақша контенттің аудиториясы табиғи түрде кеңейіп келеді.

Әсіресе жастар арасында қазақ тілінде контент тұтыну сәнге айналды деуге болады. Бұған әлеуметтік желілердегі қысқа видеолардың, мемдердің, подкаст форматтарының көбеюі де әсер етті. Қазіргі аудитория ресмиліктен гөрі шынайылыққа жақын дүниені қабылдайды. Ал қазақ тіліндегі жаңа контент дәл осы табиғилығымен ерекшеленіп отыр.

Сонымен қатар соңғы жылдары қазақ тіліндегі аудиторияның цифрлық кеңістіктегі белсенділігі айтарлықтай өсті. Контент авторлары енді тек Қазақстандағы көрерменге емес, шетелдегі қазақ аудиториясына да жұмыс істей бастады. Бұл қазақ тілінің интернеттегі ықпалын күшейтіп, оны жаңа медианың толыққанды тіліне айналдырып жатыр.

Бүгінде қазақ тіліндегі сапалы контент тек мәдени құбылыс емес, тұтас digital-индустрияның жаңа бағытына айнала бастады.

Әлем қазақ мәдениетіне неге назар аудара бастады?

Ең қызығы – қазақ мәдениеті қазір тек Қазақстан ішінде ғана емес, шетелде де танылып келеді. Біздің әншілер, фильмдер мен әлеуметтік желідегі трендтер халықаралық аудиторияның назарын аудара бастады. Бұған дәлел ретінде қазақстандық орындаушылардың әлемдік деңгейдегі музыкалық платформаларда қазақ тілінде өнер көрсетуін айтуға болады. Әлемнің танымал әртістері қатысатын мұндай жобаларда қазақ тіліндегі әндердің шырқалуы – ұлттық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді.

Мәдениет тақырыбын зерттейтін сарапшылар мұны Қазақстандағы «мәдени ренессанс» кезеңімен байланыстырады. Олардың пікірінше, қазақ мәдениеті енді тек архивтегі мұра немесе дәстүрлі ортадағы құбылыс емес, қазіргі урбан мәдениеттің де бір бөлігіне айналып келеді. Музыкадағы, сәндегі, кинодағы және әлеуметтік желідегі этноэлементтердің көбеюі – соның дәлелі.

Димаш феномені: қазақ мәдениетінің жаһандық soft power-ы

Соңғы жылдары қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейде танылуына әсер еткен ең ірі құбылыстардың бірі – Димаш Құдайберген феномені. Әншінің ерекше дауысы мен орындау мәнері әлемнің ондаған еліндегі тыңдарманның назарын аударды. Бүгінде оның жанкүйерлері Еуропа, Азия, Латын Америкасы мен АҚШ-та да бар.

Ең маңыздысы – шетелдік аудитория Димаш арқылы қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылық таныта бастады. Әлемнің әр түкпіріндегі тыңдармандар қазақша әндердің мәтінін аударып, домбыра, ұлттық музыка және қазақтың дәстүрлі мәдениеті туралы ақпарат іздей бастады. Кейбір шетелдік жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Димаштың әндері арқылы алғаш рет қазақ тілін естіп, кейін қазақ мәдениетіне қызығушылық таныта бастағанын жиі жазады.

Мәдениеттанушылар мұны Қазақстанның soft power элементтерінің бірі ретінде бағалайды. Себебі қазіргі заманда ел мәдениетін тек ресми саясат емес, музыка, кино және digital-мәдениет арқылы да әлемге таныту маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Димаш феномені қазақ мәдениетінің жаһандық аудиторияға шығуына ықпал еткен ерекше құбылыс саналады.

Қазақ киносының әлемдік платформаларға жолы

Қазақ мәдениетінің бүгінгі ең үлкен жетістіктерінің бірі – отандық кино. Қазақстандық авторлық фильмдер Канн, Венеция, Берлин секілді халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлде алып, шетелдік кино мамандарының назарын аударып жүр.

Сонымен қатар қазақстандық фильмдер енді тек ел ішінде ғана емес, халықаралық платформаларда да көрсетіле бастады. Бұл отандық кино өндірісінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын байқатады.

«Томирис» пен «Айка»: халықаралық деңгейдегі қазақ киносы

Мысалы, режиссер Ақан Сатаев түсірген Томирис фильмі халықаралық платформаларға шығып, көптеген елдің көрерменіне қолжетімді болды. Фильм сақ патшайымы туралы тарихи оқиғаны баяндайды және қазақ киносының ірі жобаларының бірі саналады.

Сонымен қатар басты рөлді Самал Есләмова сомдаған Айка фильмі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Актриса бұл рөлі үшін Канн кинофестивалі аясында үздік әйел рөлі жүлдесін жеңіп алды.

Бұл жетістіктер қазақстандық киноиндустрия сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Шетелдік көрермендер біздің фильмдерден тек қазақтың тұрмысын ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді, шынайы эмоцияны және өзіндік стильді көріп отыр.

Қазақ мәдениеті – өткеннің емес, болашақтың да бір бөлігі

«Домбырадан TikTok-қа дейін» жүріп өткен жол қазақ мәдениетінің ешқашан ескірмейтінін және уақытпен бірге өзгеріп отыратынын көрсетті. Бүгінде ұлттық құндылықтарымыз заманауи трендтермен табиғи үйлесім тапты. Қазақ мәдениеті – өткеннің сарқыншағы емес, бүгінгі күннің де, болашақтың да бір бөлігі. Мәдениетіміздің әлемдік трендке айналуы – қазақстандық жастар үшін үлкен мақтаныш әрі өз болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік.

Аида Шакибекова