Домбыра жасауды кәсіпке айналдырған елордалық шебер

Елордалық шебер Айбат Кәрібай ата кәсіпті дәріптеп жүр. Он саусағынан өнер тамған ісмердің қолынан шыққан домбыраға елордалықтардың ықыласы ерекше. Бүгінде шебердің қолынан шыққан дүниелер үлкен сұранысқа ие, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Елордалық шебер Айбат Кәрібай ата кәсіпті дәріптеп жүр. Он саусағынан өнер тамған ісмердің қолынан шыққан домбыраға елордалықтардың ықыласы ерекше. Бүгінде шебердің қолынан шыққан дүниелер үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда халықтың талғамы жоғары болғандықтан Айбат өз ісіне кәсіби тұрғыдан қарайды, сондай-ақ ол әлемнің әр түпкірінде тұратын қазақтарға да сапалы ұлттық аспабымызды ұсынып келеді. Кәсіптен нәсіп тапқан елордалық Айбат Кәрібаймен әңгімелескен едік.

Айбат Кәрібай домбыра жасауды бала кезінде әкесінен үйренген. Ол алғашқы туындысын 13 жасында жасаған. Бұл істі кәсіпке айналдырғанына биыл 24 жыл толыпты.

Оның Астанадан 10 шақырым жерде орналасқан Қосшы қаласында жеке шеберханасы бар. Осы уақытқа дейін шебер 2 мыңнан астам домбыра дайындаған. 

Әкеміз домбыра жасаумен кәсіби деңгейде айналысты. Күнделікті жарты күнін домбыра жасауға арнады. Тіпті, ол кісі күйші болды. Атамыз да ағаштан домбыра, жиһаз және басқа да дүниелерді жасаған. Осыны көріп өскен інім екеуміз 12-13 жасымызға дейін қолғанат болып жүріп, үйреніп, бүгінде кәсіби тұрғыда домбыра жасаумен айналысатын тұлғаға айналдық, - дейді Айбат Меллатұлы.

Шебердің айтуынша, бір домбыра жасауға үш күн уақыт кетеді.

Егер барлық қажетті заттар болса, онда домбыраны екі күн ішінде жасауға болады. Алайда көп жағдайда домбыралар параллель түрде жасалады. Бір мезетте бірнеше домбыра дайындалады. Орташа есеппен оған 15 күн кетеді, - дейді шебер.

Тіпті, кейбір домбыраларды жасауға 1 айдан артық уақыт жұмсалады.

Қарапайым стандарт домбыралар көбіне 3-5 күнде, болмаса 1 аптада дайындалады. Ал бағасы қымбат домбыраларды әзірлеуге ұзақ уақыт қажет. Мысалы, құны миллион теңге тұратын домбыра 1 айдан аса уақытта дайындалады, - дейді елордалық ісмер.

Қазіргі таңда домбыралардың бағасы да әртүрлі. Олардың бағасы 50 мың теңгеден басталады.

Ал домбыраның сапалы болуы әуелі шеберге байланысты болады. Ісмердің қолынан шыққан домбыраларды елімізге танымал азаматтар сатып алады. Олардың қатарында әнші Қайрат Байбосынов, Досымжан Таңатаров, күйші Жанғали Жүзбай, Президент оркестрінің күйшілері және басқалар да бар.

Домбыра аспабының ең маңызды деталі – ішегі. Дыбыстың жақсы шығуы үшін ішек өте маңызды рөл ойнайды.

Домбыраның болмысын көрсететін – оның қос ішегі.

Бұрын ата-бабаларымыз қойдың, ешкінің ішегінен созып жасаған. Оны қазіргі кезде де дайындауға болады. Алайда ол өте сапасыз. Көпке шыдас бермейді. Сондықтан қазіргі кезде оны жасамаймыз, - дейді ол.

Бүгінгі таңда аспапты әртүрлі ағаштан жасайды. Әсіресе, оның шанағын қайың мен аршадан істейді.

Шанақты қарағай мен шыршадан жасауға болады. Бірақ ол тез жарылып кетеді. Ал шанақ ағашы қаттырақ болуы керек. Сондықтан шеберлер оны аршадан, қайыңнан, өрік, алма ағаштарынан дайындайтынын айтты.

Шеберден домбыраны қалай таңдау қажет екенін сұраған едік.

Әуелі шеберді дұрыс таңдаған жөн. Өйткені материалдың потенциалын ашу домбыра жасайтын шеберге тікелей байланысты. Шебердің дыбысты айыра білуі және оның сапасына мән беруі қажет. Әртүрлі сұранысты қанағаттандыру үшін әуелі дыбысты тани білетін адам болғаны жөн. Ал шебердің дыбысты танитын қабілеті болмаса, онда ол жай стандарт домбыра ғана жасай алады, - дейді Айбат.

Ол жақсы, шебер домбыраны кепкен ағаштан жасайтынын тілге тиек етті.

Шеберлердің кейбірі домбыраның құны арзан болу үшін қолдағы бар материалынан жасай салады. Олардың арасында кеппеген ағаштар болуы мүмкін. Ал кеппеген ағаштар домбыраның сапасына едәуір кері әсер етеді, - дейді шебер.

Әңгіме арасында шеберден өмірлік ұстанымы жайында да сұраған едік.

«Адамның құны қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді» деген еді Эйнштейн. Ол – еңбекпен қосқан үлесі. Ал еңбексіз ешқандай адам айналасына үлес қоса алмайды емес пе? Арман мен еңбек біріксе, ұзаққа барады. Бұл – менің ұстанымым, - деді Айбат.

Кәсіпті нәсіп етіп отырған шебер, адамның қоғамға үлес қосу керектігін алға тартады.

Ер азамат мал тапқыш болу керек. Сондай-ақ бар біліміңмен, малыңмен, қабілетің және кәсібің арқылы елмен бөлісу қажет деп есептеймін. Сол арқылы қоғамға үлес қосу керек. Өмірге келген адамның басты мақсаты – жанын бағып, тек күнін көру емес. Жан бағу деген жер бетінде жүрудің шарты ғой. Ал әр адам рухани жағынан да деңгейін әрдайым жоғарлатып отыру керек деп санаймын, - дейді шебер.

Ол рухы көтерілген адам өмірде өзінің миссиясын жақсы орындайды дейді.

Қазіргі кезде домбыра жасауға онлайн тапсырыс беретіндер саны артып келеді екен.

2018 жылдан бастап елімізде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Осыған сәйкес, бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде домбыраға тапсырыс берушілер саны едәуір артқан.

Шамамен адамдардың 30 пайызы шеберханаға келіп тапсырыс берсе, ал қалғандары онлайн түрде береді. Бұл – адамдардың бізге деген сенімінің арқасы. Сондай-ақ мектептерде де домбыра үйірмесі ашылды. Нәтижесінде бұл аспапқа деген сұраныс 4-5 есе арттып отыр, - дейді Айбат Кәрібаев.

Бүгінде ол дүниежүзі қазақтарына да сапалы ұлттық аспаптарды ұсынып жүр.

Шетелде тұратын қазақтар да тапсырыс беріп тұрады. Мәселен, жақында Америкада тұратын бауырым құны 300 мың теңге тұратын домбыраға тапсырыс берсе, ал Қытайдағы қандасымыз миллион теңге көлеміндегі 2 дана домбыраға тапсырыс беріп кетті. Тіпті, Еуропадан да тапсырыстар қабылдап жатырмыз. Жалпы домбыраға шетелдіктер де қызығушылық танытады. Алайда, әзірге олардың саны қазақтармен салыстырғанда әлдеқайда аз, - дейді астаналық шебер.

Айбат Кәрібаевтың жоспарында, келешекте ата кәсібіміз – домбыра жасауды үйрететін ізбасарлар тәрбиелеу бар екенін жеткізді.

Бұл ісіміз – отбасылық кәсіпкерлік, қазіргі тілмен айтсақ бизнес болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда оның ауқымын кеңейту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Сол бағытта үлкен көлемде тапсырыс қабылдау үшін мүмкіндіктерді қарастыруды қолға алдық, - дейді Айбат Кәрібаев.

Бұл кәсіппен айналысуда сан емес, сапа маңызды екені рас. Ал шебердің бойында ата дәстүрге деген шынайы жанашырлығы мен отансүйгіштік қасиеті болған жөн. Сонда төл аспабымыз – домбыраның қоңыр үні өзгермейді.

Бүгінгі таңда домбыра жасаушылар көп, ал хас шеберлер аз. Ал, астаналық Айбат Кәрібаев – сол хас шеберлердің арасынан ойып тұрып орын алатын ұлтжанды тұлға.

Қазақстандық қоғамдық даму институты

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Суреттер Айбат Кәрібайдың жеке мұрағатынан алынды
Өзгелердің жаңалығы