Домбыра үйреніп жүр ме, доп ойнап жүр ме? - Зайытов министрліктің жобасын сынға алды

Депутат Ринат Зайытов Мәжілісте өтіп жатқан тақырыптық отырыста Art-sport жобасын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Art-sport бәріміз көптен күткен жоба еді. Басында бәрін қуантып еді, кейіннен дау шықты. Бұл жерде ең бірінші кезекте қаржыландыру механизмі дау тудырып жатыр. Бұрын балалар тіркеліп, бірден үйірмеге қатысып кететін. Енді қазір кезекке тұру керек, активацияны 10 күн күту керек. Бұл кімге қажет, не үшін қажет? Арт спорт жобасында да, басқа жобада да нәтиже неге қадағаланбайды? - деді депутат.

Ринат Зайытов жобаның нәтиже бермей жатқанының себебі осы деп есептейді.

«Бір жерде 50 бала дайындалып жүр» деген тізімді мен де бере саламын. Не дайындалып, оны кім дайындап жатыр? Домбыра үйреніп жүр ме, доп ойнап жүр ме? Ол қандай деңгейде ойнап жүр? Оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Осы жоба бойынша балаларды анықтайтын ең болмаса жылына бір конкурс өткізу керек. Кейін нәтижесі бойынша үстемақы беру жағын да қадағалау керек, - деп айтты Зайытов.

Депутат комитет отырысында Арт-спорт жобасының порталын да сынға алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы