Домбыра әлемді баурайды: Димашпен бірге шыңдалған дуэттің хикаясы

Домбыра күніне орай BAQ.KZ тілшісі қазақстандық домбырашылар дуэті — Темірлан Олжабай мен Ернат Наурызбен сұхбаттасты. Олар әлемдік сахнада ұлттық мұраны паш етіп жүрген дарынды музыканттар. Дуэт мүшесі Ернат өнер жолындағы серіктестігі мен шығармашылық жоспарлары туралы айтып берді.

 

— Ернат, алдымен дуэттің құрылу тарихынан бастасақ. Темірланмен таныстық қалай басталды?

Екеуміз 2015 жылы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстік. Мен Павлодардың музыкалық мектеп-интернатында оқуды тәмандадым. Ал Ернат Жезқазғаннан келді. Университеттің алғашқы курсынан бастап ансамбльмен бірге түрлі елге барып, өнер көрсеттік. Көп ұзамай бір-бірімізді шығармашылық тұрғыда түсініп, дуэт құру туралы шешім қабылдадық. Осылайша 2017 жылы ресми түрде “Темірлан мен Ернат” домбыралық дуэті дүниеге келді.

— Сіздер Димаш Құдайбергенмен бір университетте оқыпсыздар. Ол кісінің шығармашылығы сіздерге қалай әсер етті?

Димаш екеуміз сол жылдары жақын араластық. Ол өзінің өнерімен бізге үлкен шабыт берді. 2017 жылы Қытайда өткен “I am a Singer” жобасына қатысқан кезде, ұлттық университеттен жеті өнерпаз бірге барып, “Дайдидау” әнін орындадық. Онда екі домбыра, дауылпаз, қобыз, сазсырнай және басқа аспаптар қамтылды. Димаш сол кезде бізге қолдау білдірді. Бұл сөз бізге жауапкершілік жүктеп қана қоймай, ұлттық өнердің маңызын терең ұғындырды.

— Аты кең жайылған “Alem” туындысы туралы айтып берсеңіз. Бұл шығарма қалай дүниеге келді?

— “Alem” — 2021 жылы жазылған авторлық шығармамыз. Пандемиядан кейінгі тұста Алматыда студиямызды жаңадан құрған кезіміз болатын. Алғашқы кезде аса танымал болмағанымен, кейін бір-екі жылдан соң әлеуметтік желілер арқылы кең тарап, рилс платформаларында миллиондаған тыңдалым жинады. Қазір стриминг көрсеткіші 2–3 миллиардқа жақындады. Бұл туынды Air Astana ұшақтарында да шырқалады. Ұшақта өз музыкаңды есту — ерекше сезім.

— Бүгінде домбыраны жаңаша насихаттап жүрген жандардың бірісіздер. Қандай жоспарлар бар?

— Соңғы екі жылда өзіміздің жеке концерттік кештерімізді өткізіп келеміз. 2025 жылы мамырда елордада Темірлан, мен және Мансұр Құдайберген үшеуіміз бір сахнада өнер көрсеттік. Ол концерттен кейін еліміздің түрлі өңірлерінен ұсыныстар түсе бастады. Қазір республикалық тур ұйымдастыру бағытында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Домбыра арқылы жастарға, шетелге қазақтың төл өнерін жеткізгіміз келеді.

— Сіз үшін Домбыра күні нені білдіреді?

— Домбыра — біздің үніміз, рухымыз, жүрегіміз. Бұл күн — жай мереке емес, рухани жауапкершілік. Біз үшін бұл — тек шерту ғана емес, халықтың үнін әлемге жеткізу жолындағы еңбек.

— Әңгімеңізге көп рахмет!  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы