Доллармен сақтаған депозиттің пайызы өсе ме? – Ұлттық банк жауабы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов долларлық депозиттердің пайызы өсе ме деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы неге доллармен салынған депозиттердің пайызы көтерілмейді? Себебі азаматтар долларларға өтпеуі үшін! Біздің ұлттық валютамыз – теңге. Біз теңгемен есеп айырысып, жинақтарымызды теңгемен сақтаймыз. Сондықтан біз экономикамыздың 2015-2016 жылдардағыдай долларға ығысуын қаламаймыз. Сол кезде долларизация деңгейі 69% болды. Ұлттық валютаның орнына бәрі доллармен ойлады, - дейді Тимур Мұратұлы Ұлттық банкте өткен брифингте.

Ал қазір депозиттегі долларизация деңгейі – 23%. Ұлттық банк басшысы бұны жетістік деп санайды.

Мен мұны үлкен жетістік деп санаймын. Егер біз долларлық депозиттерге жоғары мөлшерлеме ұсынсақ, көптеген адамдар: "Мен долларға ауыстырамын" дейді. Бізге бұл қажет емес. Бізге теңгеге сенімнің болғаны және адамдардың ақшаларын теңгемен сақтағаны маңызды. Сондықтан валюталық депозиттер бойынша жеке тұлғаларға арналған мөлшерлеме 1%-бен шектеледі және солай қала береді, - деді Ұлттық банк басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы