Доллар тағы қымбаттай ма немесе "жыртықтарды жамау" керек
Елімізде 1 доллар дәл қазір 511,22 теңге болды. Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. Жалпы доллардың өсуі қарапайым азаматтардың әл-ауқатына қалай әсер етеді? Теңге қашан тұрақтайды? Теңгенің әлсіреуіне не себеп болып отыр? Ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс? BAQ.KZ тілшісі экономистердің пікірін білді.
Бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сыртқы және ішкі факторлар өзгеріп жатқанын айтып, келесі жылы инфляция деңгейін 4 пайызға жеткізу мүмкін емес екенін жеткізді. Ұлттық банк болжам жасап, оған келесі жылы 7 пайызға, ал 2026 жылы 5 пайызға жететінімізге сендірді.
Ұлттық банк 16 қарашадан бастап интервенция жүргізген.
Сондай-ақ Ұлттық банк Brent маркалы мұнай бағасын болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледі.
Мұнай нарығындағы жағдай біршама нашарлады. Қытай тарапынан сұраныс төмендеп келеді. АҚШ-тың жаңа Президентінің саясатына қатысты белгісіздік бар. Дегенмен, Солтүстік және Оңтүстік Америкада мұнай өндірісінің өсуінен ұсыныс артады деп болжанып отыр. Осы факторларды ескеріп, біз базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын төмендеттік: болжамды кезеңнің соңына дейін 70 доллар деңгейінде белгіледік, - деп мәлімдеме жасады Ұлттық банк.
Теңгенің әлсіреуіне не себеп?
Экономист Бауыржан Ысқақ оның бірнеше себебін атады.
Доллардың өсуіне ішкі де, сыртқы да факторлар әсерін тигізеді. Соның ішінде экспорттық түсімдерге тәуелді дамушы мемлекет ретінде Қазақстанның да сыртқы факторлары жоғары деп айтуға болады. Бірінші кезекте, әрине Ұлттық банктің ұстанымы бойынша АҚШ президентінің сайлануы және оның "қатаң экономикалық саясат ұстанамын" деп жаһанға жар салуы, "мұнайдың бағасын төмендетіп, импорттық баж салығын көтеремін" деген ұстанымының өзі доллардың шарықтап кетуіне әсерін тигізді, - деп айтты экономист.
Сарапшының сөзінше, АҚШ Қытайдан келетін тауарларға импорттық баж салығын 60%-ға дейін көтермек.
Екіншіден, қара алтынның, яғни мұнайымыздың бағасы да түсіп жатыр. Ол да долларға әсерін тигізіп жатыр. Себебі бізде кіріс доллардан. Демек кіріс азайған кезде, оның бағасына осындай әсерін тигізеді.
Ысқақтың пікірінше, доллардың қымбаттауына ішкі фактор да әсер етеді. Дәлірек, импорт пен экспорт арасындағы байланыстың, баланстың өзгеруі.
Бауыржан Ысқақ/facebook.com
Бізге келетін импорттық тауарлар мен шығатын экспорттық тауарлар арасында баланс бұзылған. Бізге келетін импорттық тауарлардың 60-70%-дан астамы дайын өнім түрінде келсе, бізден шығатын экспорттық тауарлардың тек 10%-ы ғана экспортқа шикізат ретінде шығады. Егер бізде дайын өнім ретінде шығаратын экспорттық тауарларымыздың үлесі 60-70% болса, онда табыс қазіргіден де жоғары болар еді. Сонымен бірге теңге құнының төмен болуына отандық тауар өндірушілердің де үлесінің аздығынан, яғни Қазақстанда шығарылатын өнімдердің аздығы, елде басқа ел тауарларының көп болуының өзі де әсерін тигізіп жатыр, - дейді ол.
Бізде бюджеттің кіріс бөлігінің тек 60%-ын ғана салықтан түсетін табыс қамтамасыз етіп отыр. Ал 10%-ы басқа да алымдардан, қалған 30%-ын Ұлттық қордың қаражатымен жауап жатырмыз. Яғни бюджеттің кіріс бөлігіндегі салықтық базаның төмендігінің өзі ақша айналымына кері әсерін тигізіп отырған фактор.
Жаһандық экономика мен геосаясат доллар бағамына, оның ішінде әсіресі дамушы мемлекеттерге тікелей әсер етеді. Өйткені дамушы мемлекеттер сыртқы факторларға өте тәуелді. Оның ішінде мемлекетаралық ұстанымдардың әртүрлі болуы, мысалы, қазіргі уақытта Ресейге қойылып жатқан санкцияның өзі оның мүмкіндіктерін қысқартты. Мысалы, Ресей бұрынғыдай Еуропаға, Америкаға өнім шығару мүмкіндігінен айырылғандықтан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ретінде Ресейдің тауарлары бізге көп келіп жатыр. Қазақстан Ресейден 80%-ға дейінгі дайын өнімдерді қабылдап жатыр. Міне осылардың барлығы айналып келгенде отандық тауар өндірушілердің, кәсіпорындардың банкротқа ұшырап қалуына немесе жағдайларының қиындауына әсер етті. Мұндай геосаяси фактор басқа дамушы мемлекеттерге де осылай әсер етеді, - деп түсіндірді Бауыржан Ысқақ.
Доллар халықтың жағдайына қалай әсер етеді?
Бізде бюджеттің кіріс бөлігінің басым бөлігі мұнай өнімдерінен түсетін табысқа тиесілі. Мұнайды, газды, темірді және басқа да экспорттық тауарларды доллармен сатқандықтан, доллардың қымбат болғаны бізге макроэкономикалық жағынан тиімді. Яғни Ұлттық қорға түсетін түсімдер де артады, салықтың өнімдері де артады. Ол қысқа мерзімді перспективада қымбатшылыққа әкеледі. Өйткені сыртқы макроэкономикалық жағдайда қомақты табыс әкелсе де, халықтың төлем қабілеті, оның тауарды сатып алуға төлейтін қаражатының бағамына әсерін тигізеді. Себебі, киім, тамақ, күнделікті қажеттіліктің барлығы сыртқы мемлекеттерден келгендіктен басқа валютада келеді. Яғни тауарды шетел валютасында қымбат бағаға алған кезде, ол өзіндік құнына кері әсерін тигізеді. Сол себепті доллардың қымбат болуы халықтың жағдайына кері әсер етеді, - деп есептейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Доллар өссе, импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Мысалы, азық-түлік, жиһаз, киім-кешек, автомобиль және басқа да тауарлар доллар бағамына сәйкес қымбат келеді.
Сарапшының пікірінше, доллар бағамының өзгеруі азаматтардың өмір сүруіне кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені біздің жалақымыз теңгемен, яғни табысымыз теңгемен байланысты. Ал сатып алатын тауарларымыз доллармен байланысты болғандықтан ол қарапайым азаматтардың қалтасына салмақ салады. Сондай-ақ инфляцияның және экономикадағы басқа да келеңсіз жағдайлардың туындауына әсерін тигізеді.
"Жыртықтарды жамау керек"
Экономист Қайырбек Төлендіұлы да доллардың өсуіне көптеген фактор әсер еткенін, ол ең алдымен сыртқы факторлар екенін айтты.
Мысалы, геосаяси ахуал, геоэкономикалық өзгерістер, сондай-ақ жақында сайланған АҚШ-тың 2025 жылдан бастап болатын президенті Трамптың кейбір мәлімдемелері ықпал етті деуге болады. Әсіресе, мұнай бағасына байланысты ойлары ықпалын тигізді. Сонымен қатар ішкі факторлар да бар. Бізде соңғы 5 жылда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен салыстырғанда Қазақстанның жиналған инфляциясы ең жоғарғы болып шықты. Демек бұл біздің ұлттық экономика қымбат экономика болып бара жатыр деген сөз. Сондықтан мұның бәрі валюталық бағамға әсер етеді, - деді сарапшы.
Оның сөзінше, Ішкі фактордың тағы бір себебі бюджетте Үкімет Ұлттық қорды жаппай пайдалануды әдетке айналдырып алды. Сол себепті Ұлттық қор АҚШ валютасында сақталғандықтан бюджетке пайдалану кезінде Ұлттық банк оны теңгеге ауыстырады. Сол кезде Ұлттық банк Ұлттық қордағы долларды нарыққа сатып, интервенция жасап келді. Ал ол валюта бағамына әсер етеді.
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Доллардың қымбаттау перспективасына зейін салсақ, ең алдымен бізде төлем балансында валюталы "жыртықтар" бар. Ол "жыртықтарды жамау" керек. Ал егер "жамамасақ", онда Қазақстаннан валюта кете береді. Сол себепті ұлттық валюта бағамы әлсірей береді. Ал доллар күшейе береді. Валюталық "жыртықтың" бірі – қызмет көрсету теңдігінде ұтылып жатырмыз. Шамамен жылына 3 млрд доллар. Сонымен бірге ағымдағы есепшотта табыстар балансынан ұтылып жатырмыз – 1 жылда 26 млрд доллар. Ал үшінші – төлем балансында ағымдағы есепшот. Соңғы 5 жылда тапшылық көрсетіп келді. Сондықтан осы валюталық "жыртықтарды" жамау керек. Ол үшін басқа жауапты экономикалық саясат қажет, - деп түсіндірді Қайырбек Төлендіұлы.
Доллар қымбаттағанда ұлттық өнімдер, отандық тауар өндірушілердің қызметі айтарлықтай қымбаттамайды, сол күйінде қалады. Ал шетелден келетін импорттық тауарлар қымбат келуі ықтимал.
Доллардың қымбаттауы халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп айтуға болмайтын шығар. Тек импорттық тауар сатып алу тұрғысынан ғана әсер етеді. Ал қызмет көрсету, жалақы, азық-түлік – отандық, - дейді ол.
Сарапшы қымбатшылық тек импорттық тауарларға ғана байланысты болатынын атап өтті.
Қазір 1 доллар 511 теңге. Бұл ұлттық экономикалық мүддеге сәйкес келмейді. Мысалы, біздің есептеуіміз бойынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт 15 млрд долларға қысқарып кетті. Бұл үлкен шығын. Оның көптеген себебі бар. Оның бір себебі – ұлттық валюта бағамының толық сәйкес келмеуі. "Қай кезде экспорт ұлғаяды?" деген сұрақ туады. Егер валюта бағамы 1 доллар 511 теңге емес, 600-650 теңге болса, шиказаттық емес экспорт жақсы дамиды. Сондықтан бағамды әлсін-әлсін жіберген дұрыс деп ойлаймын, - деп айтты сарапшы.
Ақшаны қай валютада жинаған дұрыс
Бауыржан Ысқақ ақшаны үш валютада жинауға кеңес берді.
Валютаның ауытқуы салдарынан бұрыннан келе жатқан ұстанымым бар. Мысалы, 30% теңге, 30% еуро және тағы 30% доллармен жинау. Қазір ақшамыздың 50-60%-ын доллармен сақтауға кеңес беремін. Өйткені теңгенің болашағына күмән жоғары болғандықтан, халықтың қаражатының құнсызданып кетпеуі үшін мүмкіндігінше кем дегенде 50%-ы доллармен болғаны дұрыс. Бірақ қазір емес, оны осыдан бір жыл бұрын бастауымыз керек еді. Қазір қымбаттап кетті. Сол үшін әлі де кеш емес. Қаражаттың қалған 50%-ының 30%-ын құндылығын сақтауы үшін өзіміздің ұлттық валютамызда және қалған 20%-ын еуромен сақтаған жөн, - деп айтты ол.
Экономист алтынға ақша салу мәселесін де тоқталды. Оның ойынша, алтын тұрақты, "қатты валютаға" айналып келе жатыр. Сол үшін алтынға да ақша салып, кірісіміздің әртараптануына, сондай-ақ қаржылық тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндігіміз бар.
Менің ойымша, қазіргі жоғарғы доллар осы шектеуден әрі қарай бармауы керек. Өйткені Ұлттық банктің шешіміне сәйкес, квазимемлекеттік секторға тиесілі компаниялардың табысының 50%-ын нарыққа доллар сатып алуға жұмсау арқылы нарықты долларды көбейту мәселесі туындап жатыр. Ал нарықта доллар көбейген кезде доллардың бағасы қалыпқа келіп, реттеледі. Әртүрлі іс-шаралар нәтижесінде доллардың бағасы 550 теңгеге барады деген әңгіме бар. Менің ойымша, 510 теңгемен тұрақталады, - деп пайымдады экономист Бауыржан Ысқақ.