Доллар 518 теңгеге жетті: Экономист үш басты себепті атады

Астанада ақша айырбастау пунктерінде доллар 518 теңгеге сатылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономист Бауыржан Ысқақ доллар бағасының қымбаттауына қатысты негізгі үш факторды атады.

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өзгерісі: Қазақстан экономикасы мұнай экспортына тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының өзгерісі ұлттық валюта бағамына тікелей әсер етеді. АҚШ-тың өзіне бәсекелес мемлекеттер мен дамушы елдерге жасап отырған кеден, сауда саясатының қатаңдануы да бұл өзгерістерге ықпал етеді. Мұнай мен газ тасымалдайтын елдерге әсер етуі мүмкін, бұл өз кезегінде доллардың бағамына ықпал етеді.

Сыртқы экономикалық жағдай: Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы, сауда-саттық кедергілері мен геосаяси шиеленістер ұлттық валютаға ықпал етеді. Қазіргі уақытта АҚШ-тың Қытай тауарларына салған жоғары баж салығы мен одақтас мемлекеттеріне сауда шектеулерінің әсері экономикалық өзгерістерді туындатуы мүмкін. Бұл да өз кезегінде доллар бағамының өзгеруіне әкеледі.

Ішкі экономикалық факторлар: Ұлттық банк пен үкіметтің ақша және несие фискалдық саясаты инфляция деңгейі мен экономикалық өсуге тікелей әсер етеді. Бұл факторлар да доллардың бағамына ықпал етіп, ұлттық валютаның құнсыздануына себеп болуы мүмкін, - деді экономист.

Қазақстандағы доллар бағасының өсуі экономиканың тұрақтылығына әсер етіп жатыр.

Бауыржан Ысқақтың айтуынша, үкімет пен Ұлттық банк бірнеше маңызды іс-шараларды қабылдауы қажет. Бұл шаралар елдің валюталық тұрақтылығын сақтау мен инфляция деңгейін бақылауға көмектеседі.

Ақша-несие саясатын қатаңдату: Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені тағы да көтеру арқылы инфляцияны бақылауда ұстауға тырысуы керек. Бұл шара ақша ұсынысын шектеуге мүмкіндік береді және ұлттық валютаның құнын сақтауға ықпал етеді.

Инфляцияны бақылау: Ақша ұсынысын шектеу және ақша-несие саясатын қатаңдату арқылы инфляция деңгейін тұрақтандыру керек. Инфляцияның жоғары болуы ұлттық валютаға қысым көрсетеді, сондықтан оны бақылауға алу өте маңызды, - деді ол.

Сондай-ақ, ол валюталық интервенция жүргізуді қолға алуды атап өтті.

Валюталық интервенция: Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізу арқылы теңгенің құлдырауын тежеуге тырысуы мүмкін. Алайда, бұл шараның теріс әсері де бар, себебі ұлттық қордың қаражатын пайдалану оның қаржысының азаюына алып келеді. Дегенмен, девальвацияның алдын алу үшін бұл шара қажет болуы мүмкін.

Экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асыру: Мемлекет пен үкімет экономикалық реформаларды тиімді іске асырып, ұлттық валютаның тұрақтылығына жағдай жасауы керек. Бұл ұзақ мерзімді перспективте инфляцияның төмендеуі мен экономикадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы