Доллар 515 теңгеге жетуі мүмкін бе? Сүлейменов жауап берді
Ұлттық банк төрағасы қазіргі таңда теңгенің айтарлықтай әлсіреуіне негіз болатын факторларды көріп отырмағанын мәлімдеді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы 515 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжамдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат кулуарында журналистер Ұлттық банк басшысынан мұндай сценарийдің жүзеге асуына негіз бар ма және ұлттық валюта бағамына қатысты айтылып жүрген болжамдарды қаншалықты шынайы деп санайтынын сұрады.
Бұл болжамдармен таныс емеспін, сондықтан нақты пікір айта алмаймын, – деді Ұлттық банк басшысы.
Соған қарамастан Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда теңгенің айтарлықтай әлсіреуіне түрткі болатын негізгі факторларды байқап отырмағанын жеткізді.
Оның айтуынша, бұған дейін базалық мөлшерлеме 17 пайызға дейін төмендетілген кезде де валюта нарығында түрлі болжамдар айтылған. Көпшілік теңгелік активтердің тартымдылығы төмендеп, доллар бағамы өседі деп күткен. Алайда іс жүзінде мұндай өзгеріс болмаған.
Мен бұл туралы бірнеше рет айттым. Біз қазір теңгенің күрт әлсіреуіне алып келетін нақты алғышарттарды көріп тұрған жоқпыз. Базалық мөлшерлеме 17 пайызға дейін төмендеген кезде де көптеген адам бағам айтарлықтай өседі деп болжады. Бірақ ондай жағдай болған жоқ. Доллар бағамы 487–488 теңге шамасында болса, қазір де сол деңгейде қалып отыр, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық валюта бағамына ықпал ететін негізгі сыртқы факторлардың бірі мұнай бағасы екені белгілі.
Дегенмен Ұлттық банк төрағасының сөзінше, АҚШ пен Иран арасындағы алдын ала келісімдерден кейін мұнай бағасының төмендеуі де теңге бағамына елеулі әсер ете қоймаған.
Алдын ала жасалған АҚШ пен Иран келісімдерінен кейін мұнай бағасы айтарлықтай төмендеді. Бұрын шамамен 100 доллар болған болса, қазір 78 доллар деңгейінде. Таңертеңгі көрсеткіш те осы шамада болды. Соған қарамастан теңге бағамында айтарлықтай өзгеріс байқалған жоқ, – деді ол.
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, теңгенің қазіргі тұрақтылығы елдегі экономикалық саясатқа деген сеніммен тікелей байланысты.
Сарапшылар да, нарық қатысушылары да макроэкономикалық тұрақтылықты көріп отыр. Сонымен бірге инфляцияны төмендетуге және сапалы, инклюзивті өсімді қамтамасыз етуге бағытталған саясаттың жүзеге асып жатқанын байқап отыр. Сондықтан осының бәрі теңгенің тұрақтылығын сақтауға ықпал етіп отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.