ДКО. Алғашқы медаль құтты болсын!
Қасымхан Қанат Түркия төрінде өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы медальді ел қоржынына салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ДКО-да Дәстүрлі садақ ату жарысына әлемнің 32 елінен 135 спортшы бақ сынады. Ерлер арасында үздік 16 мергеннің ішінде Қасымхан Қанат, Али Сессигузель, Азамат Нұртаев өткен болатын. Үздің 16 мергеннің арасынан финалға суырылып шыққан Қасымхан Қанат финалда түріктің Оғыз Оқшы мергенімен мергендік сынасты. Оғыз Оқшыдан 2 ұпай айырмашылығымен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды – дейді бізге сүйіншілі жаңалықты жеткізген Ұлттық және ат спорты орталығының баспасөз хатшысы Жадыра Жүсіп.
Бұл жүлде дәстүрлі садақ атудың аренадағы алғашқы биік жетістігі.
Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі садақ ату өнері біршама етек алып келеді. Бұл ойынның Жамбы атудан ерекшелігі – жаяу, бір орнында тұрып мергендігін дәлелдеу. Әсіресе Президенттің бұқаралық спортты дамытып, көпшілік тұтынатын спорт түрлерін молайтыға қатысты тапсырмасынан кейін Дәстүрлі садақ ату елімізде ерекше қарқын алған болатын.
Биыл Дәстүрлі садақ ату бойынша ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы спорттық ұйым ретінде тану сертификатын алды. Бұл спорт түрі елімізде соңғы үш жылда түбегейлі қолға алынған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркияның Изник қаласында жалауын көтерген IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынада мергеніміздің финалға шыққанын хабарлаған болатынбыз.