2 Қазан 2022 2022, 14:07

ДКО. Алғашқы алтын құтты болсын!

Ел мерейін еселеген – Қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен балуан Марат Нығматуллаев.

Бүгін Түркияда өтіп жатқан IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел мерейін еселеген – Қазақ күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен балуан Марат Нығматуллаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақ күресі бойынша ел намысын - 80 келіден жоғары салмақта – Мақсат Исағабылов, 80 келіде – Еламан Қойшыбаев, 60 келіде – Марат Нығматуллаев қорғаса, қыздар арасында 55 келіде – Нұрмахамметова Рауза, 65 келіде – Сарипова Зарина және 65 келіден жоғарғы салмақта – Азамат Мөлдір шаршы алаңға шықты.

Қазақ күресіне әлемнің 20-ға жуық елінен 60-тан астам балуан белдессе, биыл алғаш рет жарыс сапына қосылған қазақ күресінен қыздар арасындағы бәсекеге 19 бұрымды бағын сынады.

Ал бүгінгі алтыннан алқа таққан жерлесіміз Марат Нығматуллаев финалда моңғол балуанын 2 минутта "таза жеңіспен" ұтты.

Естеріңізде болса, бұған дейін ДКО-да еліміз екі күміске ие болған болатын. Оның бірі – Дәстүрлі садақ атудан бұйырса, екіншісі – жамбы атудан түскен болатын.

Ал дәл қазіргі сәтте Түрияның Изник қаласында көкпарсүйер қауым көптен күткен Қазақстан-Қырғызстан тартысы басталды. Көкпар мен көкбөрінің мықтылары өзара үздікті анықтау үшін барын салары анық.