Дизель қымбаттаса, азық-түлік пен тауар бағасы да өсуі мүмкін – экономист
Әлемдегі мұнай өңдеу қуаттарының қысқаруы дизель бағасын қымбаттатып, жаңа инфляциялық қысымға әкелуі мүмкін. Экономист Айбар Олжай пікірінше, мұның әсері Қазақстанға да жанама түрде сезілуі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшы әлемдегі қазіргі жағдайдың ерекшелігі мұнай тапшылығында емес, оны өңдейтін қуаттардың азаюында екенін айтады. Оның сөзінше, бірқатар елдегі әскери қақтығыстар мұнай өңдеу кәсіпорындарының жұмысына әсер етіп отыр.
Екі соғыстан туындаған әлемдегі дизель тапшылығы қайтадан инфляцияны өршітуі мүмкін. Онда біздің инфляцияны 10 пайыздан төмен түсірген барлық екі жылдық ерен еңбегіміз зая кетеді, – дейді Айбар Олжай.
Ол Халықаралық энергетикалық агенттіктің 11 қыркүйектегі есебіндегі деректерге назар аударған. Айбар Олжайдың айтуынша, қыркүйек басында АҚШ-та дизель мен газойль бағасы барреліне 200 доллардан асқан.
Сарапшы дизельдің мұнайға қарағанда шамамен екі есе қымбаттағанын атап өтті.
Себебі Украина, Ресей, Иран мен араб елдері бір-бірінің мұнай өңдеу нысандарын тоқтамай жарып жатыр. Ал дизель фракцияларын жасайтын гидрокрекингтік құрылғыларды тез арада қалпына келтіру технологиялық жағынан мүмкін емес. Енді мұнайдың өзі емес, оны өңдейтін қуат тапшы, – деп жазды ол.
Сондай-ақ экономист келтірген IEA дерегіне сәйкес, тамызда әлемдегі мұнай өңдеу көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда тәулігіне 4,2 млн баррельге азайған.
Ал Парсы шығанағы мен Ресейдің дизель және газойль бойынша жиынтық таза экспорты ақпанмен салыстырғанда тәулігіне 1,6 млн баррельге қысқарған.
Экономист дизель бағасының өсуі тек жанармай нарығының мәселесі емес екенін айтады. Өйткені дизель жүк тасымалы, ауыл шаруашылығы, теміржол, арнайы техника және теңіз логистикасында кеңінен қолданылады.
Дизель бензин емес. Бензинсіз өмір сүруге болады. Себебі бензин жеке адамдардың көліктеріне арналған. Ал дизель бүкіл экономиканың күретамырында ағатын қан ретінде бағаланады, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, фуралар, жүк көліктері, тепловоздар, тракторлар, комбайндар, арнайы техника мен контейнер таситын алып кемелердің басым бөлігі дизельмен жүреді.
Сондықтан дизель бағасының өсуі ең алдымен тасымал шығынын арттырады. Бұл шығын ақырында тауардың өзіндік құнына қосылуы мүмкін.
Енді қымбат дизель жол шығынын арттырып, оның барлығы тауарлардың бағасын көтеретіні айдан анық, – дейді Айбар Олжай.
Дегенмен сарапшы Қазақстанда міндетті түрде дизель тапшылығы болады деп отырған жоқ.
Оның мәліметінше, ел ішкі қажеттіліктің шамамен 90-95 пайызын өзі қамтамасыз етеді. 2025 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 6 млн тоннадан астам дизель өндірген.
Бұл жерде әңгіме Қазақстанда дизель тапшы болады деген сөз емес. Қазақстан шамамен 90-95 пайызға өзінің қажеттілігін жауып отыр, - деп түсіндірді ол.
Айбар Олжай Қазақстан үшін басты тәуекел әлемдік нарықтағы дизель тапшылығының импорттық тауарлар арқылы әсер етуінде деп есептейді.
Яғни шетелде тасымал шығыны қымбаттаса, Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың да бағасы өсуі мүмкін. Ал бұл ішкі инфляцияға қосымша қысым түсіреді.
Тек әлемдегі импорттық тауарлар қымбаттап кетеді. Инфляция сол арқылы келуі мүмкін. Оның біздің инфляцияға нақты қанша пайыздық тармақ қосатынын жеке есепсіз айтуға болмайды, - дейді экономист.