Дизель отынына сараланған бағалар белгіленді

22 тамызда Энергетика министрлігінің бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрығы күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұйрыққа сәйкес мынадай маркалы бензиннің бағасы бұрынғы деңгейде қалады: Аи-80 – 89 тг. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 187 тг., Қазақстанның басқа облыстарында литріне 182 тг., дизель отынының бағасы литріне 450 теңге, - делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.

Бұйрықпен елде берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде дизель отынының лимиті өңіріне қарай күніне 100 литр көлемде бір литріне 230-260 теңге бағамен белгіленген, ал Қазақстан Республикасында көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін бекітілген лимит 300 литр үшін тәулігіне өңіріне қарай литріне 230-260 теңге бағамен сатылады.

Қалған санаттағы адамдарға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден босатылатын болады.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, автожанармай құю станцияларында (АЖҚС) сатылатын дизель отынының тәуліктік көлемін одан әрі қадағалау үшін ақпараттық жүйені анықтауға байланысты мәселелерді пысықтап жатыр.

Жақын арада АЖҚС өкілдерімен бірлесіп жүйелерді тестілеу өткізілетін болады. 2019 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін есепке алудың ақпараттық жүйесі» ықтимал нұсқалардың бірі ретінде қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта елдің АЖҚС нақты уақыт режимінде мұнай өнімдерінің қалдықтары бойынша деректерді көрсетілген ақпараттық жүйеге беріп жатыр. Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1177 қаулысына сәйкес аталған ақпараттық жүйенің операторы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: inform.kz
Өзгелердің жаңалығы