3 Қазан 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Дизель бағасының өсуі: G7 елдері 100 млн баррель мұнай қорын нарыққа шығаруға келісті

Ұлыбританияда дизельдің орташа бағасы алғаш рет литріне 2 фунттан асты.

«Үлкен жетілік» (G7) елдері дизель отыны бағасының күрт өсуіне байланысты энергетикалық резервтерінен 100 млн баррель мұнайды нарыққа шығаруға келісті.

ВВС-дің хабарлауынша, бұл туралы G7 елдерінің бейнеконференциядан кейін таратқан бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Резервтерді босату процесін Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) үйлестіреді. Мұнай төрт ай ішінде кезең-кезеңімен нарыққа шығарылмақ.

Энергия бағасының өсуі Ирандағы соғыс басталғаннан кейін күшейіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалы іс жүзінде тоқтаған. Бұл әлемдік нарықтағы жеткізілімге қатысты алаңдаушылықты арттырды.

Ұлыбританияда дизельдің орташа бағасы алғаш рет литріне 2 фунттан асты. Дегенмен елдің көлік министрі Кейр Мэтер Ұлыбританияға дизель жеткізілімі тұрақты екенін және отын бірнеше көзден келіп жатқанын мәлімдеді.

Батыс Мидлендстегі бірнеше жанармай құю станциясының иесі BBC-ге тұтынушылар арасында жаппай дүрбелеңмен отын сатып алу байқалмағанын айтқан.

Алайда Букингемшир тұрғыны жанармай бағасының өсуіне байланысты көлік шығындары айына шамамен 500 фунт стерлингке артқанын жеткізді.