Дизайнер қаланы жасыл желектің жетіспеушілігінен қалай құтқармақ?

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. «Нью-Йоркте климаттық апатқа дейінгі уақыт есептелетін сағат орнатылды».

Биыл қыркүйек айының соңында әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыптары осындай болды. Сағат орнатылған бойда мына деректер пайда болған: 7 жыл 103 күн 15 сағат 40 минут 07 секунд. Бұл есептеулерді жаһандық қоғамдастықтар мен Берлиндегі климат өзгерісі мәселелерімен айналысатын Меркатор ғылыми-зерттеу институты жүргізді. Егер климаттық апат 7 жылдан кейін болатын болса, экологиялық апатқа қанша уақыт қалды?

Соңғы жылдары экологиялық мәселелерді талқылау тенденцияға айналды. Көтерілген мәселелер тек қана қоқысты өңдеуге ғана емес, көгалдандыруға да қатысты. Бұл сұрақ пен салаға ғұмырын арнайтын тәжірибешілер де бар. Олар қалаларды жасыл желекпен жамылдырып қана қоймай, оны қалай әдемі ету керектігін де айтады.

Ландшафт дизайнері және Қазақстанды көгалдандыру қауымдастығының президенті Татьяна Антоненко балалық шағындағы естелігімен бөлісті. Әкесі Татьянаға Сахалинде өмір сүрген кезінде таңғажайып алма бақтарын түсінде жиі көретінін айтқан. Жылдар жылжып, әкесінің тәтті түсі өңіне айналған кез туады. Ол Алматының айналасынан түсіндегі әдемі, жемістері дәмді бақты ашыпты. Қазіргі таңда Татьяна қызметінде ғана белсенді емес, сонымен қатар әкесінің орындалған арманы – өз бағына күтім де жасайды. Әлемдегі әріптестерінің түрлі тамаша бақтар жасап, ғаламшарды көгалдандырып жатқандарын көру оның жаңа жобаларды жүзеге асыруына шабыт береді.

Жүзеге асыруға болатын жаңа идеялар көп болса да, сауатты шешімді талап ететін көптеген міндеттер бар. Мәселен, өсімдіктерді таңдау мен жеткізудегі күрделі логистика. Бірақ ең басты қиындық – тапсырыс берушімен келісімге келу процесі. Тапсырыс берушінің жеке тұлға немесе көпдеңгейлі басқару жүйесі бар құрылым екендігі маңызды емес. Нақты алаңдық жұмыстар әрдайым жобадан ерекшеленеді және үнемі түзету шешімдерін қабылдап отыру керек. Бірақ тапсырыс берушімен бәрін келісуге әркез уақыт пен мүмкіндік бола бермейді. Оған қоса, барлық нюанстарды қағаз жүзінде бекіту керек, өйткені ауызша келіскеннен пайда жоқ. Биыл тағы бір маңызды проблема пайда болды, ол – пандемия мен карантин.

Бірақ кездескен қиындықтарға қарамастан, Татьяна қалалар мен аймақтарды жасыл желекпен жандандыру жобалары пен концепцияларын жүзеге асыруды жалғастыру үстінде. Дизайнердің пайымынша, бүгінгі күннің басты міндеті – қиындыққа тап болған аймақтар мен шағын ауылдарды дамыту қажет. Бұның мақсаты – микроклиматты жақсарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ету. Егер шағын ауылдарда өсімдіктердің тұқымдарын өсірсе, олардың көмегімен бүтін инфраструктураны көгалдандыруға болады. Тағы да бір маңызды аспект – бір объектіні жасыл желекпен қамту ғана емес, барлық нормалар мен агротехникалық сәттерді ескере отырып, сауатты түрде жүзеге асыру.

Қалалар үшін ландшафт дизайны концепциясын жасауда көгалдандыру объектісінің архитектурасы маңызды фактор болып саналады. Архитектура көмегімен ландшафт стилі анықталады. Концепцияны жасауда қаланың архитектурасы негізге алына ма? Ансамбль сарайының жанында ауыл бағы орналаспайды, керісінше, ауыл бағы жанынан ансамбль сарайы салынбайды. Отандық ландшафт дизайнері Бибігүл Датхабаева: «Егер ғимараттың қасбетінде колонна болса, онда ол Версаль болуы керек, қазақ Версалі!» деп дәл тұжырымдап берген.

Экологиялық болашақ туралы Татьяна былай дейді: 

Болашақ бақтары – табиғат-анаға қайта оралу, әйтпесе адамзат тіршілігін жалғастыра алмайды. Табиғи стильде бақтар жасаудың айқын тенденциясы – бұл сәнге деген құрмет емес, сонымен қатар климаттық жағдайларға бейімделу және қалаларға пайдалы фаунаны қайтару. Өйткені, қалалардағы ағаштар құстар, жәндіктер және ұсақ жануарларсыз өмір сүре алмайды. Олардың жетіспеушілігінен қазір емен мен каштан ағаштарының жойылып кету қаупі бар.

Дизайнердің айтуына қарағанда, жаһандану мен аспанмен таласқан алып ғимараттарды тұрғызу тенденциялары вертикальді және шатырды көгалдандыру көмегімен шешіледі. Бүкіл әлемде қазір құрылыс компанияларына шатырды жасыл желекпен қамту жолы мен ғимаратқа кіргізілген көгалдандырылған аймақтарды табиғатқа қайтару талабы қойылады.

Осындай шешімдердің көмегімен Жер ғаламшары тек жаңа технологиялармен қатар жүріп қана қоймай, әлемнің экологиялық компонентін қолдайды. Ландшафт дизайны негізінде қала архитектурасын көгалдандыру туралы ғана емес, жеке объектілерді де ойлау керек. Егер әр адам өз аймағын көгалдандыру мен жасыл желектендіру туралы шешім қабылдап, кішкене үлесін қосса, өзгерістер мен жақсылықтар көп күттірмей орын ала бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы