«Дизайн код» жобасы Тараз тынысын ашады
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тереңнен тамыр тартқан тарихымен қатар, таңғажайып келбетімен талайдың таңдайын қақтырған Тараз қаласы енді тіптен құлпыра түспек.
Көне қаланың қазіргі әкімі Ержан Жылқыбаев сәні мен сәулеті сабақтасқан «Дизайн код» жобасы туралы айтып берді. Ол осыдан 1,5 ай бұрын жөн-жосықсыз жарнаманы тоқтатып, біркелкі дизайн әзірлеуді тапсырғанын да еске салды. Осы орайда жергілікті әкімдіктің Сәулет және қала құрылысы бөлімі «Дизайн код» жобасын әзірлеп, қоғам белсенділері арасында талқыға салған.
Ал шаһардың бас архитекторы Алмазбек Бөбеевтің айтуынша, бүгінгі таңда қаланың сәулеттік келбетінің тиісті талапқа сай келмейтін тұстары көп. Осыған орай, мониторингтік топ құрылып, әр көшеге жауапты бөлім басшылары мен бас инспекторлары бекітілген. Мониторинг тобының анықтауымен қала ішінде заңсыз орналасқан 28 дүңгіршек алыныпты. Сонымен қатар сауда орындарының қасбеттерінде орналасқан бей-берекет жарнамалар алынып, ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жамбыл облысы орталығының сәулеттік келбетін ретке келтіру мақсатында «Дизайн кодын» бекіту жобасы дайындалды. «Дизайн код» дегеніміз – қаланың бірыңғай сәулеттік стилистикасын және тұрғындардың ыңғайлы өмір сүруін қалыптастыратын ереже болып табылады. Атап айтсақ, ғимараттардың қасбетінің түстерін, жол жиектері, аялдамалар, кіші сәулеттік формалардың түрлері, сауда павильондары және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар қаланың орталық көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына белгілі бір тұлғаның немесе өлкетану композицияларын салу бойынша жұмыстар қолға алынуда, – дейді Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А. Бөбеев.
Сондай-ақ қаланың бас архитекторы «Әулиеата» кезеңіндегі аумақта XIX-XX ғасырдың басында салынған 24 мәдени ескерткіш бар екенін әңгімеледі. Бектұрғанов, Пушкин, Асқаров көшелері бойындағы ғимараттарды қамти отырып ұзындығы 850 метрлік дизайн жобасында жол жиегіндегі жаяу жүргінші жолдары кеңейтіліп, веложол салынатындығын айтты. Көне дүниені бүлдірмей, қаланы жаңғырту жобасы қатысушылардың да көңілінен шыққан.
«Дизайн код» жобасы бойынша талқылауға қатысушылардың бірі жарнама қалқандарына қойылатын талаптар бойынша өз ұсынысын жасапты. Ол оның жарнама жасаушылар үшін тиімді әрі ыңғайлы болуын сұраған. Тағы бірі Тараз қаласының аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды, яғни жанармай құю стансалары, дәмхана және дүкендер аумағын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту керектігін тілге тиек еткен. Сондықтан да Тараз қаласының көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық ережесіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасаған.
Жиында Тараз қаласының аумағындағы көшелерді жарықтандыру бойынша да бірқатар мәселені көтерілді. Жаңа дизайнда шамдардың жарық әрі көрнекі болуына баса назар аудары керек. Сонымен қатар оған қажетті құрал-жабдықтар да уақытылы жаңаланып тұруы қажет. Одан бөлек, кәсіпкерлік нысандар жобаның тездетіп іске асуын қолға алғаны абзал. Бейберекет жарнамадан құтылудың, қала сәулетінің ажарлануына әр азамат атсалысуы керек.
«Жер Ана» қоғамдық қоры директорының орынбасары Р. Қалдыбекова «Әулиеата кварталы» жобасында басты назарға қылқан жапырақты шырша және тағы басқа ағаштардың орнына климатқа төзімді тал-дарақтарды отырғызуды ұсынды.
Бұл тек бүгінгі жобамен емес, алдағы уақытта қаланың сәулетіне қатысты барлық аумақта қолданысқа енгізілсе деген ниеттен туған ой. «Дизайн код» жобасы бойынша ұсынылған үлгі мен көпқабатты тұрғын үйлерге мурал салу біркелкі болып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек, - деді ол.
Жарнама агенттіктерінің өкілдері «Дизайн код» жобасында 4 типтік жарнама қалқанына оң пікір білдіріп, алдағы уақытта ескірген дүниелерді кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстарын қолға алатындықтарын жеткізді. Осылайша, Тараз қаласында тағы бір бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.