Директорларды қанша жылға тағайындау керек? Аймағамбетов ойын айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындау тәртібіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, өзі Үкімет құрамында жұмыс істеген кезеңде мектеп директорларын тағайындауға қатысты нақты шешім қабылданған.
Үкіметте жұмыс істеген кезде біз арнайы бұйрық қабылдап, мектеп директорларын 5 жыл мерзімге тағайындау жөнінде шешім шығардық. Директор бес жылға тағайындалады және бұл қызметке екі рет тағайындалу мүмкіндігі болды, – деді ол.
Сонымен қатар, депутаттың сөзінше, аттестациялау тәртібі барлық азаматтық қызметкерлерге ортақ ережелерге сәйкес жүргізілген.
Аттестация үш жылда бір рет өткізілді. Оның нәтижесі бойынша бірінші, екінші немесе үшінші деңгей анықталып, соған сәйкес үстемақы белгіленді және ай сайынғы жалақы төленді. Яғни сол кезде директор 5 жылға 2 рет тағайындалуға мүмкіндігі болды, – деді депутат.
Аймағамбетов сол кезеңде ротация тетігі де енгізілгенін атап өтті.
Жеті жыл жұмыс істегеннен кейін, егер сол аудан немесе қала аумағында тиісті бос орын болса, директор ротацияға жіберілуі мүмкін еді, – деп түсіндірді ол.
Депутат қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі директорларды тағайындау бойынша өзге шешім қабылдап жатқанын айтты. Алайда бұл шешімге баға беруден бас тартты.
Министрліктің өз зерттеулері, өз аргументтері бар шығар. Мен бұл мәселе бойынша толық ақпарат алған жоқпын. Сондықтан қазіргі шешімді дұрыс немесе бұрыс деп бағалауды этикаға сай емес деп санаймын, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл мәселедегі басты сұрақ директордың қанша жыл қызмет атқаратынында емес, мектеп басшылығының тиімді жұмыс істеуін қалай қамтамасыз етуде.
Бұл тақырып бойынша әлемдік тәжірибеде әртүрлі модельдер бар. Ғылыми дерекқорларды, соның ішінде Google Scholar, Elsevier секілді базаларды қарасаңыз, мектеп директорларын тағайындаудың бірнеше үлгісі бар екенін көресіз. Біз сол кезде ғылыми зерттеулерді де, еліміздің құндылықтары мен басқару мәдениетін де ескере отырып шешім қабылдадық, – деді Мәжіліс депутаты.
Сөз соңында ол басты назар оқушының сапалы білім алуына бағытталуы тиіс екенін айтты.
Ең бастысы – мұғалімге жайлы ма, не директорға ұнай ма, ұнамай ма деген мәселе емес. Негізгі мақсат – баланың сапалы білім алуы. Ол үшін мектепте мықты білім беру бағдарламалары, тәрбие жұмысы мен басқару жүйесі тиісті деңгейде болуы керек. Бізге қандай модель осы мақсатқа жеткізеді – басты сұрақ осы. Осыған дұрыс жауап берсек, қай модельдің тиімді екенін де анықтай аламыз. Біз кезінде дәл осы ұстанымдарға сүйеніп шешім қабылдағанбыз, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын тағайындауға қатысты жаңа өзгерістер енгізілетінін айтты.