Директорлар ротациясы: Мектеп басшылары не дейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде білім беру жүйесінде мектеп, колледж және балабақша директорлары ротациядан өтеді. Қазіргі күні ротациялау қағидалары Әділет министрлігінде тіркелді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осыдан бірнеше күн бұрын директорлардың ротациясына қатысты жаңалықты әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

Білім беру саласында он мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшылар, мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқан. Осыған байланысты бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен, 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар.

Егер басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін. Басшылық ететін ұйымның ауысуы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп жазды бас ұстаз.

Ротацияның негізгі ережелері қандай?

Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.

Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.

Алайда, егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:

– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;

– ротация бір елді-мекен аумағында жүргізіледі;

– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;

– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау үшін комиссия жұмыс істейтін болады.

Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізетін болады.

Ротацияға қатысты мектеп директорлары не дейді?

Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының директоры Аяжан Ахметжанұлының мектеп директорларының ротациясына қатысты пікірін білдік.

«7 жылда нәтиже шығармаған адам келесі жерге барып жұмысын көрсетеді дегенге сенбеймін»

Ротация – бұрыннан көтеріліп жүрген дүние. Мұндай өзекті мәселе – бір орында ұзақ уақыт бойы отырған директорлардың мәселесі. Бізде 20-25 жылдап отырған мектеп директорлары, басшылары баршылық. Бір орында ұзақ уақыт отырған кез келген адамның белгілі бір деңгейде дамудан тоқырайтыны белгілі. Сол себепті білім беру ұйымдарының бойына «қан жүгірту» мәселесі маңызды, - деді директор.

Ол ротациялау жұмысы өзекті екенін атап өтті.

Ендігі мәселе – ротациялаудың жүргізілуінде. Ертең ұзақ уақыт бір жерде отырған директорлар жақсы мектепке барғысы келіп, түрлі айлаларды істеуі мүмкін. Мысалы, ротация жүргізілгенде жақсы мектепке барғысы келіп, ортаға таныс салуы мүмкін. Десе де Білім басқармалары директорларды қалауынша өзгерте алады деп ойламаймын. Өйткені біздің жүйеде біреудің «Көкесі», біреудің «Жәкесі» бар дегендей, - деп атап өтті ол.

Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, ротациялауды жүргізу - Білім басқармаларының қолындағы маңызды құзыреттердің бірі.

Маман не себепті 7 жыл отырған директорлар ротацияға ілінетінін түсіндірді.

Директорлар 1 жылдық сынақ мерзіміне алынады. Келесі жылы 3 жылға еңбек шарты жасалады. Яғни бірінші кезеңі 4 жылды құрайды. Директорлық лауазымына 5 жыл болғанда ол аттестациядан өтеді. Енді аттестациядан өтуіне бір жыл ғана қалғанда ауыстыра салу да ыңғайсыз. Жаңадан барған жерінен қайтадан аттестациядан өте алмайды. Сол себепті аттестациядан өткеннен, яғни біліктілігін алғаннан кейін алмастырады. Сол үшін келесі келісімшарт 3 жылға жасалады. Осылайша бұл процесс 7 жылды құрап отыр. Бұл еңбек шартымен келген дүние, - дейді Аятжан Ахметжанұлы сұхбатында.

Оның сөзінше, заң бойынша зейнет жасына 2 жыл қалған директорлар ротацияға ілінбейді.

Зейнет жасындағы директорларды немесе кадрларды ұстап отыруды дұрыс деп есептемеймін. Зейнет жасындағы кадрларды жіберу керек, - деп пікірін білдірді №90 мектеп-гимназиясының директоры.

Айтуынша, былтыр елордада 8-9 мектеп директоры пилоттық ротация жүйесімен бір мектептен екіншісіне ауыстырылған.

Ротацияны жаппай емес, нәтижелі директорлармен жүргізу керек деп ойлаймын. 7 жыл бір орында істеген жұмысы нәтижелі болса, онда екінші орынға барсын. Ал нәтижесіз болса, онда орнын босатуы керек. 7 жылда нәтиже шығармаған адам келесі жерге барып жұмысын көрсетеді дегенге сенбеймін. Сондықтан директорларды жұмысының нәтижесімен бағалау қажет. Яғни білім, тәрбие сапасына, қандай жұмыс атқарды? Осыған қарау керек. Мысалы, үздік мектептің директорын нашар мектептерге ротациялауға келісемін. Егер директор мықты болып, қабілеті жетіп тұрса, онда әлсіз мектепті де көтерсін. Ал енді әлсіз директор үздік мектепті таңдаса, онда ол да қиын, - деп түсіндірді елордалық директор.

«Ротацияны тек бір аймақ ішінде емес, Қазақстан бойынша жүргізсе жақсы болар еді...»

Нұр-Сұлтан қаласы №54 мектеп-лицейінің директоры Есмағзам Исмұханов директорлардың ротациясына көзқарасы дұрыс екенін айтты.

Ротацияны жүргізу дұрыс. Оны қолдаймын. Неге? Себебі өзім жас маманмын. Қазақ-түрік лицейінде жұмыс істегенімде 1-3 жылдан Қазақстанның әр өңірін аралап шықтым. Оның пайдасы да көп болды. Дегенмен, менің ойымша, 7 жыл тым көп сияқты. Директорлардың өздерінің мектепке қатысты стратегиялық даму жоспары болады. Ия, оны орындауға 1-2 жыл жеткіліксіз, - дейді жас директор.

Ол ротацияға ілінген директорлар өз командасымен жүргені дұрыс деген пікір білдірді. Себебі жұмыс қарқынды болады.

Директорлар командамен жүрсе, 7 жылды 5 жылға азайтуға болады. Мысалы, бір жыл адаптация мерзімі десек, қалған 4 жылда біраз жұмыс тындыруға болады. Сонымен қатар ротацияны тек бір аймақ ішінде ғана емес, Қазақстан бойынша жүргізсе жақсы болар еді. Мысалы, мені қазір ШҚО-ның бір қаласына жіберсе қуанар едім. Себебі мен үшін ол қызық тәжірибе. Одан бөлек, әр аймақтың менталитеті де әр түрлі. Бізде жүйе бірдей болғанымен, әр түрлі факторлар бар, мысалы, қаланың орналасқан жері, халқы, олардың менталитеті бар. Балалардың деңгейлері де әрқалай, - деп айтты №54 мектеп-лицейінің директоры.

Жас директордың сөзінше, Тараздың балаларымен немесе ұжымымен жұмыс істеу бір бөлек болса, сол сияқты солтүстіктегілермен жұмыс істеу бір бөлек. Бір жерде таза қазақ мектебі болса, бір жерде аралас мектеп.

Айтуынша, мұндай ротация адамды шыңдай түседі.

Ротацияны қалай жүргізген дұрыс?

Мысалы, мен өзім Көкшетауданмын, Алматыда білім алдым. Мені жұмыс бабымен Таразға жіберді, кейін Өскеменге маман жетіспей, сол жаққа жіберді. Яғни мені ешқандай факторға қарамай, бос орынды толтыру үшін жіберді. Ол жақта танысым да, туысым да болмады. Бірақ мұндай тәжірибе адамды шыңдайтынына көзім жетті. Осындай принципті ұстанған дұрыс. Мысалы, 10 директорды және 10 мектепті алып, жеребе ойнату қажет. Қай мектеп түседі, сол жаққа барады, - дейді ол.

Есмағзам Исмұхановтан әріптес директорларының ротацияға қатысты пікірі қандай екені туралы да сұрадық.

Шынын айту керек, бұл мәселе қатты талқыға салынған жоқ. Көбінесе жас директорларға ротациямен басқа мектепке бару өте қызық. Бір орында 15-20 жыл отырған директорлар да бар. Әрине бір орында ұзақ отырып, екінші жерге ауысу қиынырақ, - деп пікірін айтты директор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы