Директор: Жаңаны байқап көруге қорықпайтын мұғалімдерге кедергі жасамаған жөн
Жаңа нәрселерді байқап көруге қорықпайтын, қателессе де қайта жасап көруге тырысатын мұғалімдерге кедергі жасамаған жөн. Мұндай пікірді Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Әсел Бейсембинова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұғалімдердің кәсіби білігін арттырумен айналысатын Ustaz pro және Qundylyq орталықтары осы мақсатта Ustaz hub жобасын бастаған болатын. Мұғалімдерге арналған тегін шеберлік сабақтарына жарты жылда 1000-нан аса педагог қатысты. Осы жобаға қатысқан астаналық мектептердің директорларымен сұқбат құрып, олардың оқу процесін тиімді жүргізуде неге назар аударатынын білдік.
Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Әсел Бейсембинова білім саласындағы реформалар, директордың рөлі мен миссиясы жайлы әңгіме өрбітті.
Білім саласындағы маңызды өзгерістер
Директор білім саласындағы өзгерістердің бірі – қатты машықтар бойынша білім беруден оқушылардың жұмсақ машықтарын дамытуға көңіл бөлінуі деп есептейді.
Бұл тек білім беру мазмұнын өзгертуді ғана емес, сонымен қатар біздің мұғалім ретінде толық өзгеруімізді, ойлау қабілетімізді және өзіміздің бойымыздағы жұмсақ машықтарды дамытуды талап етеді. Бұл процесс өте қиын, бірақ өте қызықты. Тағы бір маңызды тақырып – жасанды интеллект. Ол бізге дос па әлде қас па? Білім саласында оның мүмкіндіктерін барынша пайдаланып көптеген сын-қатердің алдын алу жолдарын қарастыруымыз керек. Сондықтан білім беру саласында атқаратын жұмыс көп, заман тез өзгеріп жатыр, ештеңе бір орнында тұрмайды, - деді ол.
Директордың өзгеріс агенті ретіндегі рөлі
Ең бастысы – өз әлеуетін толық ашқан, мұғалім ретінде өз миссиясын білетін және оның мектеп миссиясымен байланысын анық түсінетін әріптестерге кедергі жасамау. Яғни үздіксіз дамитын, жаңа нәрселерді байқап көруге қорықпайтын, қателессе де қайта жасап көруге тырысатын мұғалімдерге кедергі жасамаған жөн. Ал басқа әріптестерге өзінің мықты жақтарын тануға, дамуға, өз жұмысы арқылы мектеп миссиясына жетуге қалай үлес қоса алатынын түсінуге көмектесу маңызды, - дейді Әсел Бейсембинова.
Сөзінше, кейбір маманның әлеуеті мұғалімдікте емес, басқа салада болуы мүмкін, ондай да жағдайлар болады. Сондықтан директор мұғалімге дұрыс бағдар көрсете білуі керек.
Сондай-ақ директор бәріне «үлкен картинаны» көрсете білуі тиіс, яғни не істеп жатқанымызды ғана емес, сонымен қатар оны неліктен жасап жатқанымызды, одан қандай нәтиже күтетінімізді және бұл процесте әркімнің қандай рөл атқаратынын түсіндіру маңызды, - деп айтты директор.
Мұғалімдердің кәсіби дамуындағы директор қолдауының маңызы
Ұстаздардың біліктілігін арттыру, ынталандыру бойынша көп жұмыс істейміз. Көптеген біліктілікті арттыру курстарынан басқа, біз ең тиімді әдіс – дұрыс мәдениеті бар кәсіби қоғамдастық құру деп есептейміз. Сол арқылы мұғалімдер бір-бірін кітап оқуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, нәтижелерді талқылауға, жаңа бағыттарды анықтауға ынталандырады. Мысалы, бізде мұғалімдерге арналған оқу клубы бар, онда біз білім саласындағы соңғы кітаптар туралы ой бөлісеміз, - деп айтты Әсел Бейсембинова.
Биыл ол жеке Visible Learning Club болды, онда мұғалімдер мектеп тәжірибесін жақсарту үшін Дж.Хэттидің негізгі идеяларын қалай қолдану керегін талқылады. Келесі жылы мектеп мұғалімдер мен мектептер туралы фильмдерді талқылау үшін Movie Club ашуды жоспарлап отыр.
Жас мамандармен жұмыс
Менің ойымша, мұндай жүйе көптеген мектепте жұмыс істейді: тәжірибелі әріптестеріміз «Жас мұғалім мектебі» ұзақ мерзімді жобасын жүзеге асырады, ол жыл сайынғы «Сәтті старт» байқауымен («Жыл мұғалімі» байқауына ұқсас) аяқталады. Әдістемелік бірлестіктер мен тәлімгерлер үлкен қолдау көрсетеді (әр жаңа ұстазға тәлімгер бекітіледі). Сонымен қатар бейімделу кезеңінен кейін (2-3 ай) жас мұғалімдермен жеке кездесіп, олардың мектеп туралы түсініктерін, бейімделу нәтижелерін талқылап, сұрақтарына жауап беремін. Жас әріптестеріміз басқа мұғалімдер мен басшылықтың сабақтарына қатысуын бақылау құралы емес, кәсіби дамуға мүмкіндік беретін мектеп мәдениеті екенін түсінеді, - деп түсіндірді мектеп басшысы.
«Директормен бейсенбілік кофе»: Мектеп-ата-ана-оқушы
Біздің мектепте «ашық есік саясаты» бар, ол кез келген оқушыға, мұғалімге немесе ата-анаға сұрақ немесе ұсыныс айтып, жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бізде қарым-қатынас жасаудың көптеген жолы бар. Халықаралық деңгейде аккредиттелген мектеп ретінде біз жыл сайын мектеп қауымдастығының барлық мүшесі (ата-аналар, қызметкерлер, мұғалімдер, оқушылар мен түлектер) арасында кешенді сауалнама жүргіземіз. Сонымен қатар жүзбе-жүз іс-шараларды көптеп ұйымдастыруға тырысамыз, - дейді сарапшы.
Ата-аналар жиналыстары мен ата-аналар комитетінің жиындарынан бөлек, «Директормен бейсенбілік кофе», ата-аналардың оқу клубы сияқты түрлі жобалар бар. Мектеп басшысы мектептің дамуында кері байланыс өте маңызды екенін атап өтті.
Жаңа оқу жылына қойылған мақсаттар мен басымдықтар
Біз мектепте басымдықтарды бір жылға емес, үш жылға белгілейміз. CIS-тің (Халықаралық мектептер кеңесі) қайта аккредитациясынан өтіп, халықаралық сарапшылардың есебін алған соң, сондай-ақ өзін-өзі бағалау нәтижелеріне сәйкес біз үш жылға арналған мектептің даму басымдықтарын анықтадық. Содан бері бір жыл өтті, осы уақыттағы жұмыс барысын талқылап, келесі оқу жылына арналған жоспарды түзеттік, - дейді Әсел Бейсембинова.
Келесі жылдың негізгі басымдықтары: жобалық оқытуға негізделген (PBL) көлденең пәнаралық жоспарлауды терең концептуалды түрде жүзеге асыру, оқушылардың жұмсақ машықтарын дамыту және өлшеу, оқу процесінде технологияны қолдану тәсілдерін жүйелеу.
Осы жылдың мамыр айында NIS желісіндегі барлық мектептер ресми түрде KIVA мектептері атанды, сондықтан жаңа оқу жылының басынан бастап біз финдік буллингке қарсы бағдарламаны өз мектептерімізге және бізге бекітілген мектептерге белсенді түрде енгізуді бастаймыз. Өзім үшін оқу жылының сәтті басталуының басты негізі – мектептің барлық сала бойынша нәтижелерін егжей-тегжейлі талдап, алынған мәліметтерге сай нақты жоспар құру, - деп түсіндірі мектеп директоры.
Директор миссиясы неде
Менің мектеп директоры ретіндегі миссиям – мектеп миссиясын жүзеге асыру және команданы осы миссияға жетуге бағыттау. Яғни әрбір оқушыға қажетті білім мен машықтарды беріп, жайлы және қауіпсіз орта құру, - деп сөзін түйіндеді Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Әсел Бейсембинова.