Диқандар дизельді енді PIN-код арқылы алады
Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін дизель отынына бақылау күшейтілді.
Енді шаруаларға арналған жанармай тек арзандатылған бағамен ғана емес, арнайы цифрлық және түстік бақылау жүйесі арқылы таратылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, биыл көктемгі дала жұмыстарына арнап 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілген. Жеткізілімдер 1 ақпаннан 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі және Энергетика министрлігінің бірлескен жоспары негізінде жүзеге асырылуда.
Министрлік ұсынған дизельдің бағасы өңірлердегі жеткізу станцияларына дейін литріне 263 теңге болып бекітілген. Бұл сомаға ҚҚС та кіреді. Ал соңғы бағаны аймақтық операторлар белгілейді. Соның нәтижесінде кей өңірлерде дизель құны 281 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Дегенмен бұл нарықтағы орташа бөлшек бағадан шамамен 49 теңгеге немесе 15 пайызға арзан.
Биылғы науқанның басты ерекшелігі - бақылау жүйесінің күшеюі. Бұған дейін арзандатылған дизельдің мақсатсыз пайдаланылып кетуі жиі сынға ұшыраған еді. Енді мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бірнеше жаңа тетік енгізілді.
Атап айтқанда, әрбір алушыға жеке PIN-код беріледі. Сонымен қатар дизель отыны арнайы сары, көк және қызыл түстерге боялады. Бұл жанармайдың нақты қай салаға бөлінгенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизельге арналған арнайы виртуалды қойма іске қосылған.
Министрлік мәліметінше, қабылданған шаралар алғашқы нәтижесін де көрсете бастаған. Нақты тұтыну көлемі 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін төмендеген. Яғни, мақсатсыз пайдалану көлемі шамамен 21 пайызға қысқарған.
Мұндай бақылау жүйесі дизельдің делдалдар арқылы басқа нарыққа кетуін азайтып, шаруаларға бөлінген отынның нақты адресатқа жетуіне көмектеседі.
Қазір Энергетика министрлігі көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жанармайдың уақытылы әрі үздіксіз жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстап отыр.