Дипломмен бостандыққа: СҚО-да 45 сотталған әйел мамандыққа ие болды
ІІМ ҚАЖК №50 (орташа қауіпсіздік) мекемесінде "Петропавл кәсіптік колледжі" КММ-де оқыған сотталғандарға салтанатты түрде дипломдар табыс етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жалпы дипломдарды "Әрлеу құрылыс жұмыстарының шебері" біліктілігін бере отырып "Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану" мамандығы бойынша №1 топтан, "Тігінші" және "Сәнгер-пішуші" біліктіліктерін бере отырып "Тігін өндірісі және киімді модельдеу" мамандығы бойынша №2 және № 7 топтардан 45 сотталған әйел алды.
Оқу жылы ішінде сотталғандар теориялық материалды игеріп, электр жабдықтарын, тігін ережелерін, қауіпсіздік техникасын оқып, содан кейін практикалық сабақтарға кірісті.
Сотталғандардың дәл осы мамандықтарға қызығушылық танытқан себебі - олардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өзінде де, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие екендігі. Сонымен қатар орта кәсіптік білім алуға және кәсіптік оқытуға деген оң көзқарас сотталғанның мінез-құлық дәрежесін анықтау кезінде ескеріледі, - атап өтті мекеме бастығының орынбасары Оксана Вышар.
Өз кезегінде сотталғандар бас бостандығынан айыру орындарында білім алу мүмкіндігі үшін колледж басшылығы мен оқытушылар құрамына алғыстарын білдірді.
Бүгін мен өзімнің бірінші дипломымды алдым. Мен тек қана мектеп бітірген соң, мен үшін бұл өте маңызды күн. Мекеме қызметкерлеріне өмірімнің осы қиын кезеңін тиімді өткізуге мүмкіндік бар болғаны үшін ризамын. Осы жерде дұрыс тіге білуді үйрендім. Бостандықта мені жұбайым мен екі кішкентай балам күтуде. Енді диплом алған соң мен босатылғаннан кейін жұмысқа тұра аламын, – деді сотталған Надежда.
Айта кету керек, алдағы оқу жылына Петропавл кәсіптік колледжі 5 мамандық бойынша 90 студент - сотталғандарды қабылдады.
СҚО бойынша ҚАЖ Департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, оқу бағдарламасы мен дипломдардың қарапайым колледждерден еш айырмашылығы жоқ және тегін жүзеге асырылады. Ал сотталғандар үшін білім өте маңызды, себебі босатылғаннан кейін олар жұмысқа орналаса алады.