«Дипломмен ауылға» бағдарламасы формалды түрде жұмыс істемеу керек – сенатор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы формалды түрде жұмыс істемеу керек. Ауылға барған маманға тұрақты түрде үй беру керек, тиісті деңгейде қаражат беріліп, жұмыс істеуіне бар жағдай жасалу керек. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев ҚазҰАУ-да болған жиында айтты.


Кешелі бері Алматы қаласында және Алматы облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы өтіп жатыр. Бүгін депутаттар Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.

Жиын барысында Сенат депутаты Алматыға жасаған іссапары аясында көңіліне түйген ойымен бөлісіп, жас мамандарды ауылға жіберу мәселесі бойынша пікірін білдірді.

«Бізде оқу бітірген мамандардың барлығы ауылға бармайды, жалпы мемлекеттік деңгейде мамандарды даярлауда кемшілік бар. Статистика бойынша олардың 70%-ы жұмысқа тұрады, ауылға барып жұмыс істейді дегенге мен өзім сенбеймін. Себебі оқу бітіріп жатқан жастардың көбісі қалада қалғысы келеді, ауылға барғылары жоқ. Оның арғы жағында да үлкен әлеуметтік мәселелер бар, ауылға барған маманға жұмыс беріп, мүмкіндік тудыру керек. «Дипломмен ауылға» атты бағдарламаны жетілдіру керек. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев ол туралы да айтып кетті. Бұл бағдарлама формалды түрде жұмыс жасамау керек. Азын-аулақ ақша мен жалға үй бергенге мамандар ауылға бармайды. Сондықтан ауылға барған маманға тұрақты түрде үй беру керек, тиісті деңгейде қаражат берілу керек», - деді ол. 


Сөз арасында ол аграрлық саланың болашағы өте зор екенін, ауыл шаруашылығы біздің жаплы экономикамыздың драйверіне айналудағы мүмкіндігі зор деген ойын білдірді.

«Ол үшін өндіріс соған лайықты жұмыс жасау керек. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30%-дан астамы ғана қайта өңделеді. Егер қайта өңдеу кәсіпорындарын жасау үшін әрбір елді мекенде халыққа қежетті өнімдер шығарылса, қайта өңдеуді кемінде 80-90%-ға жеткізсе, онда ол шынында да экономиканың негізгі саласына айналады. Аграрлық сектор еліміздегі машина жасау саласын дамытуға әсер етеді, яғни өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Бізде ауыл шаруашылық техникалары шығарылмайды, бәрін шетелден аламыз. Шетелде бізге қажетті жоғары технологиялық комбайндар бар шығар, алайда өзімізде топырақты өңдеуге қатысты түрлі ауыл шаруашылық техникаларын шығаруға болады», - деді депутат. 

Сонымен қатар, ол бізде ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары екенін де айтты.

«Мәселен, көрші қытай еліне ірі қара мал етінің экспорттық мүмкіндігі 50 млдр доллардан асады, ол астық экспортынан да көп. Дегенмен, экспорт деген тек сыртқа шығара салу емес, ол жақта да жай өнімдерді алмайды. Оның сапасы, зертханалық қорытындымен алынған көрсеткіштері өзіне лайықты болу керек. Қытай біздегі өнімдерді өз лабораториясынан өткізіп барып алғысы келеді. Сондықтан біз өзімізде өндірілетін өнімдердің сапасын арттыруымыз керек. Кеше президент Солтүстік Қазақстанда өткізген үлкен мәжілісте еліміздің органикалық экологиялық таза өнімдерді шығаруға мүмкіндігі бар екенін айтты. Расымен де, көрші елдерге қарағанда біздің жеріміз, ауамыз таза. Ондай өнім шығару үшін бізде жаңа қадамдар жасалу керек. Осының барлығы тек ғылым арқылы жасалады», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол бұл сапар аграрлық саладағы ғалымдардың жетістіктерін көруге бағытталғанын айтып өтті.

«Біз көп жағдайда аграрлық ғалымдар немен айналысады, олардың шығарып жатқан жаңалықтары, ғылыми еңбектерінің қорытындысы неге көрінбейді деген сыңайда әңгімелер айтып жатамыз. Соған қарап бізде аграрлық ғылым жұмыс жасамайды деген ой қалыптасып жатады. Біздің мұнда келу себебіміз бүгінгі таңдағы аграрлық саланың жағдайы, олар немен айналысып жатыр, сонымен танысу. Екі күндік сапар барысында түйгеніміз - біздің аграрлық салада жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар бар. Өкінішке орай оларды коммерциялау мен өндіріске енгізу жағы төмен. Ол үшін не істеу керек? Соның бәрін алдағы уақытта талқылайтын боламыз», - деді Әли Бектаев. 


Депутат сөз арасында ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың бір бөлігі үзіліп қалғанын, сондықтан ғалымдардың жаңалықтары өндірісте пайдаланылмай жатқанын жеткізді.

«Ғылыми жетістік пен өндірістің арасында бүтін бір жүйе болу керек. Біздің ойымызша, сол жүйенің бір бөлігі үзіліп қалған сияқты. Мына жақта аграрлық ғылым жұмыс істеп жатыр, ана жақта өндіріс оны күтіп отыр, бірақта ортасында соны енгізетін жүйе жоқ. Жаңа ұрықтарды дайындап, өндіріске жеткізетін шаруашылықтар бар, міне солардың жағдайы өте қиын.   Пайдаланып отырған техникалары мен технологиялары өте ескі. Мал шаруашылығында да сондай. Ғылымның жетістігін біз өндіріске енгізбесек ғылым да бекер, өндіріс те бекер. Аграрлық ғылым саласында бүгінгі таңда 13 ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді, 3 жоғарғы аграрлық университет бар. Одан бөлек ғылыми тәжірибелік орталықтар да осы салада еңбектенуде. Бөлінген қаржы мен ғалымдар еңбегі зая кетпес үшін өндіріс пен ғылымның арасындағы бүкіл жүйені толық зерттеп, соны орнына келтіруіміз қажет», - деді ол.

Сөз арасында ол көшпелі отырыстың аграрлық университетке келудегі  тағы бір себебі мұндағы білім беру барысымен танысу болғанын жеткізді. 

«Бүгін Аграрлық университеттегі студенттерге теориялық біліммен қоса тәжірибелік білім беріліп жатқанын көрдік. Университет қабырғасынан ашылған бірнеше зертханаларда жұмыс істеуге бар жағдай жасалған. Оқуда тәжірибелік процесс толық қалыптасқан. Оқу жүйесінде теориялық білім беруге көп мән беріліп келді, ал тәжірибе 20-30 пайыздың шамасында болғанын біз Парламент депутаттары талай айтып келдік. Бүгін мына университетте практикалық оқу үрдісі 60 пайызға дейін жеткен, бұл өте маңызды мәселе деп есептеймін», - деді ол. 


Сондай-ақ, ол екі күндік сапар барысында аграрлық саладағы көптеген мәселемен танысқанын айта келе ауыл шаруашылығына бөлінетін несиелерге ұсақ шаруашылықтардың қолы жетпей отырғанын жеткізді.

«Қазір мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық иелеріне несие көп беріліп жатыр. Алайда оған ұсақ шаруалардың қолы жете бермейді. Көп жағдайда ірі шаруашылықтар алып кетеді. Кешелі-бері осы мәселеге де көзіміз жетті, оны да жоғары мінберден көтеретін боламыз. Елімізде өндіріліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 50% астамын ұсақ шаруашылықтар өндіреді. Сондықтан оларға қолдау жасалу керек», - деді Әли Бектаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы