"Дипломмен ауылға". Ақмолада жалған құжатпен 12 маман үй алған

Ақмола облысы прокуратурасы жалған дипломдарды пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға мемлекет ерекше назар аударады және қомақты бюджет қаражатын бөледі.

Осы мақсатта, 2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, ол ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер мен өтеусіз жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары еліміздің ауылдық жерлерінде кадрлар тапшылығы едәуір теңестірілді. Алайда «мамандар» деген атпен жекелеген адамдар жеңілдікті шарттарды пайдалана отырып, бюджет қаражаты есебінен заңсыз байытылуда.

Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.

Оның нәтижелері бойынша жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталды. Мәселен, 2021 жылы «К» жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022 жылы үй алу мақсатында, сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан (4,9 млн теңге алды). Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман» пайдаланған. Залалдың жалпы сомасы 30 млн теңгеден асты, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазір қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде. ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы