Дипломаттар Украинада қалған жүк көлігі жүргізушілеріне көмектесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Украина аумағынан Ресей шекарасына бағыт алған жүк көлігі жүргізушілеріне көмектесті.
Украинадан Қазақстанға келе жатқан 10 жүк көлігін Ресей шекарашылары Брянск облысындағы Троебортное өткізу пункті аумағында тоқтатты. Белгілі себептермен олардың кері қайтуға мүмкіндіктері болмаған. Логистикалық қақпанға11 жүргізуші түсіп қалды: олардың жетеуі Қазақстан азаматтары, тағы төртеуі басқа мемлекеттердің азаматтары, - делінген СІМ хабарламасында.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, жүргізушілер Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің жедел желісіне хабарласып, көмек сұраған.
Дипломаттардың Ресейдің құзыретті органдарымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде көліктерді өткізу мәселесі шешілді. Қазіргі уақытта жүк көліктері Қазақстанға жолға шықты, - делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге оралуын ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыруда.