Бүгiн 2026, 12:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Дипфейк, VPN және деректер: Алаяқтар неге бір қадам алда? 

Соңғы жылдары алаяқтықтың сипаты түбегейлі өзгерді. Бұрын қарапайым схемалар арқылы алдаған қылмыскерлер бүгінде технологияны, деректерді және адам психологиясын қатар пайдаланып отыр.

Астанада қаржы секторы мен цифрлық ортадағы алаяқтыққа қарсы күреске арналған AntiFraud Forum Kazakhstan өтті. Сарапшылар, банкирлер, реттеуші органдар мен IT мамандары жиналатын алаңда бүгінгі қоғам үшін ең өзекті қауіптердің бірі – интернет-алаяқтық мәселесі талқыға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Соңғы жылдары алаяқтықтың сипаты түбегейлі өзгерді. Бұрын қарапайым схемалар арқылы алдаған қылмыскерлер бүгінде технологияны, деректерді және адам психологиясын қатар пайдаланып отыр.

Киберқауіпсіздік саласының мамандары да бұл өзгерісті ашық айтып отыр. TSARKA Group компаниясы бас директорының орынбасары Руслан Тұрғұлдинов дипфейкті анықтау барған сайын қиындап бара жатқанын айтады. 

Бұрын дипфейкті тану әлдеқайда оңай еді. Бейнеде сәйкессіздік көрініп тұратын: ерін қозғалысы мен дыбыс сәйкес келмейтін. Қазір технология дамыған сайын мұндай айырмашылықтарды байқау қиын, – дейді ол. 

Оның айтуынша, алаяқтар танымал адамдардың бейнесін пайдаланып, жалған жарнама жасайды. Әсіресе «тиімді инвестиция», «жоғары табыс» деген ұсыныстар жиі кездеседі. Мұндай видеолардың көпшілігі фишингтік сайттарға жетелейді. Мәселенің қауіпті тұсы – алаяқтар кездейсоқ әрекет етпейді. Көбіне олар азаматтар туралы алдын ала ақпарат жинайды. Бұл тек аты-жөні мен телефон нөмірі ғана емес, басқа да деректер болуы мүмкін. Осы мәліметтерді біріктіре отырып, олар сенімді көрінетін сценарий құрады. Мысалы, егде жастағы адамдарға медициналық қызмет немесе жеңілдік ұсынысы атынан хабарласуы мүмкін. Яғни адамды дәл өзіне бағытталған ақпаратпен алдайды.

ҚР ІІМ деректері де мәселенің өзектілігін көрсетеді. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бейбіт Біржанов биылғы жылдың бірінші тоқсанында 5 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелгенін айтты.

Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6%-дан астамға төмендеді. Бұл – соңғы жылдары қабылданған кешенді шаралардың нәтижесі, – деді ол.

Дегенмен бұл толық жеңіс емес. Себебі алаяқтардың тәсілдері де қатар дамып келеді.

Біржановтың айтуынша, бүгінде байланыс операторларымен бірлесіп антифрод жүйе іске қосылған. Шетелден Қазақстанда тіркелмеген нөмірлер арқылы келетін қоңыраулар автоматты түрде бұғатталады. Бірақ алаяқтар VPN мен басқа да технологияларды қолдану арқылы бұл кедергілерді айналып өтудің жолын іздеп жатыр.

Мамандар тағы бір маңызды нәрсені атап өтеді: интернет-алаяқтық белгілі бір топқа ғана тән емес. Жасы да, білімі де, әлеуметтік жағдайы да маңызды емес. Кез келген адам алаяқтың құрбаны болуы мүмкін.

Цифрлық Қазақстан қауымдастығы кеңесінің төрағасы Денис Степанцев бұл мәселеге қатысты қоғамдағы қате пікірлерге тоқталды.

Көпшілік «ешкім ештеңе істемейді» деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Алаяқтықпен күрес – тек бір органның емес, бүкіл қоғамның міндеті, – деді ол.

Бұл пікірді депутат Ерлан Стамбеков те қолдайды. Оның сөзінше, бұл – «снаряд пен бронежилет арасындағы мәңгілік күрес». Яғни қорғаныс жүйелері дамыған сайын, алаяқтар да жаңа тәсілдер ойлап табады. Бұл күрес тоқтамайды. Осындай жағдайда ең әлсіз буын – адам факторы болып отыр. Бір сәттік сенім, бір қоңырауға жауап беру немесе бір сілтемеге өту – үлкен шығынға әкелуі мүмкін.

Сарапшылар азаматтарға қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді: бейтаныс нөмірлерге сенбеу, күмәнді ұсыныстарды тексеру, жеке деректерді бермеу. Ең бастысы – уақыт жоғалтпау. Егер адам алаяқтыққа тап болғанын бірден түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінсе, қаражатты қайтару мүмкіндігі жоғары болады. Ал уақыт өтіп кетсе, қылмыскерлердің ізі суып, оларды табу қиындайды.

Тағы оқи отырыңыздар:

Астанада "байланыс операторы" 30% жеңілдік ұсынып, депозиттен 20 млн теңге ұрлады.

Сағатына 100 мың хабарлама таратқан: Beeline мен Halyk атынан SMS тұзағын құрған алаяқтар ұсталды.

Алданған азамат банктен құжатты 10 күнде ала алады – жаңа заң не береді?