Диоксинмен уланудың себебі мен салдары
Диоксин - қоршаған ортаны ластаушы және адам өміріне қауіпті токсин, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Диоксиннің улылық қасиеті жоғары болуына байланысты үлкен алаңдаушылық тудырады. Тәжірибе көрсеткендей, олар бірден бірнеше мүшеге және жалпы организмге кері әсер етеді. Адам организміне түскеннен кейін диоксиндер химиялық тұрақтылығы мен сіңу қабілетіне байланысты ұзақ уақыт сақтала алады. Организмдегі диоксин 7-11 жылға дейін сақталуы мүмкін.
Диоксин әр түрлі өндірістік процестер мен табиғи құбылыстардың нәтижесінде пайда болады. Атап айтқанда:
- Өндірістік өнімдердің қалдықтары. Мысалы, балқыту, целлюлозаны хлордың көмегімен ағарту салдарынан, сондай-ақ өндірілген пестицидтерден пайда болады.
- Құрамында хлор бар органикалық заттардың толық жанбауы. Бұған әдетте полигон өрті, қоқыс өртеу зауыттары, мұнай өңдеу зауыттары, қағаз және металл өнеркәсібі орындары себеп болады.
- Даладағы өрт пен жанартаудың атқылауы.
Диоксиндердің пайда болуының алдын алу және оның жағымсыз салдарын шектеудің ең тиімді әдісі – диксонмен ластанған материалдарды толық өртеп жіберу.
Сондай-ақ, диоксиннің 90%-дан астамы адамның организміне тамақпен бірге асқазан-ішек жолдары арқылы түседі. Олар сонымен қатар ауа және шаңмен бірге өкпе және тері арқылы да ене алады.
Диоксиндер иммундық жүйені бұзып, гормондардың дамуына кедергі келтіріп, қатерлі ісіктің дамуын қоздыруы мүмкін.
Оның адамға тигізетін зияндары:
- Терінің сезімталдығы: терідегі бөртпе және қабыну, көздің тітіркенуі және қабынуы сияқты тері ауруын тудыруы мүмкін.
- Иммундық жүйеге зияны: диоксиндер ағзаның иммундық реакциясын әлсіретіп, инфекцияларды тез қабылдағыш етеді.
- Неврологиялық бұзылулар: диоксиндер жүйке жүйесінің жұмысын нашарлатуы мүмкін. Яғни бас ауруы, ұйқысыздық және басқа белгілер болуы мүмкін.
- Қатерлі ісік: Диоксиндер бауыр мен өкпенің қатерлі ісігіне жеткізуі мүмкін.
- Тыныс алу жолдарының зақымдануы: диоксиндер тыныс алу жолдары арқылы адамның өңешіне жұқса, ең алдымен ол жөтеле бастайды.
Құрғақ, майсыз ет жеу және майы аз сүт өнімдерін тұтыну диоксиннің қосылыстарын азайтуға көмектеседі. Пайдалы диета ұстану (соның ішінде жеміс, көкөніс және тиісті мөлшердегі дәнді дақыл) организмді қажетті өнімдермен толықтырып отырады. Бұл ұстанымдар денеге түсетін ауыртпалықты азайтуға бағытталып, әсіресе аяғы ауыр немесе бала емізетін әйелдер үшін маңызды, өйткені құрсақтағы балаға немесе жас нәрестеге зиянын азайтуға көмектеседі. Диоксиндерге химиялық талдау жүргізу ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында жүзеге асырылады, - делінген таратылған ақпаратта.