Дінтанушы жаппай арабтануға қарсы қандай амал қолдану керегін айтты

Қазіргі таңда неге арабша "ахи" және "ухти" деген сөздер көп айтылып кетті? Бұл арабтандыру саясаты ма? Осы сауалдарға дінтанушы Кеңшілік Тышқан жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кез келген қоғам ашық саясат ұстанған кезде әртүрлі мемлекеттердің, әртүрлі қоғамның идеологиясы мен саясаты және мәдениеті енеді. Тіпті бір қоғам бұдан таза болып қала алмайды. Батыспен байланыс орнатсақ, әртүрлі ғылыми және экономикалық терминдер кіруі мүмкін, ал дінмен байланыс орнатсақ, оның ішіндегі де кейбір ұғымдар енуі мүмкін. Сондықтанда Арабияда оқыған, сол жақта уағыз тыңдаған кейбір бауырларымыз естіген сөздерін өзара қолданып жатады. Бұл бір ерекшелік десек болады. Мәселен, олар "брат" деген сияқты өзара "ахи" деген сөзді бір-біріне айтса өзара жақын сезінеді. Бұл жерде діндарлықтың қатысы жоқ, қазақта бауырым, қарындасым және сіңілім деген жақсы сөздер бар. Сол сөздерді қолданып-ақ діндар бола аламыз. Ол сөздер бұрын да қолданылып келді. Діннен келген терминдер де бар, оны жоққа шығара алмаймыз, - деп түсіндірді ол.

Кеңшілік Тышқанның айтуынша, "қанша арабша сөз қоссам, сонша діндар болам" деген ой ақылға қонымсыз.

Адам бір-екі сөзді арабша айтқаннан арабтанып кетпейді. Біздің тілге енген арабтан 6,5 мың сөз бар одан арабтанып кеткен қазақ жоқ. Иә, кейбір адамдар арабтың құндылықтарын енгізгісі келетін шығар, алайда біз оған өз ұлттық құндылықтарымызды қарсы қоюымыз керек. Бірақ Алланың діні адамзатқа ортақ құндылық екенін ұмытпаған жөн, - деді дінтанушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы