Діннен ілік іздеудің қажеті жоқ – теолог
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бурабайда Діндерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Толибуль Ильм» атты семинар өтті.
Екі күнге жалғасқан іс-шараға елордадан 50-ден аса қатысушы келіп, дін саласындағы ең үздік мамандардан дәріс алды. Алматы қаласынан семинар үшін арнайы шақыртумен келген елімізге белгілі теолог Асқар Сабдин, ҚР Республикалық психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының сарапшы-психологы, «риск» тобын бейімдеу мәселелері бойынша БҰҰ (Орталық Азия өңірі) халықаралық сарапшысы Лола Шакимова, «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад сынды мамандар екі күн келушілерге дәрістер мен тренингтер жүргізді.
Семинардың бірінші күні дәріс жүргізген белгілі теолог А.Сабдин дұрыс діни білім алудағы ерекшеліктермен, Қасиетті Құран аяттарын түсіну кезіндегі интерпретация мәселесін ашықтап айтты. Сонымен қатар, сүннет, фикх және хадистер аясында жамағаттың көкейінде жүрген сұрақтарына толымды, жан-жақты жауап берді.
Маған бұл семинар өте керемет әсер қалдырды. Осы сынды іс-шаралар жиі өтіп тұрса деген ниетім бар. Әсіресе психологпен сөйлескеннен кейін керемет сезімде тұрмын. Айтарым - діни ақпаратты тек ресми жерлерден алыңыздар. Қоғамдағы кейбір деструктивті діни ағымдарға қатысты орын алған құқықбұзушылық жағдайлар дінге басұрушыларға да сабақ болса екен деймін. Интернеттен жалған діни парақшаларды қарап, оларға сеніп, жетегіне еріп кетпеңіздер және авторы белгісіз діни кітаптарды оқымауларыңызға да кеңес беремін, - дейді семинарға қатысушы.
Сондай-ақ «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад, дін – ол адамзатты бақытты ету үшін жіберілген, одан ілік іздеудің ағаттық екенін түсіндірді.
Біз ең бірінші адам болған соң, бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Кім қандай дін ұстанбасын, оның көзқарасын өзгертуге күш салудың қажеті жоқ. Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан соң, адамдардың құқығы бірдей және оларды ұстанымына қарай агрессивті бөлуге болмайды. Діннен ілік іздеудің қажеті жоқ. Дін – ол адамзатты бақытты ету үшін жіберілген, - деді «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад.