Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы дүниеден өтті

Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Минлиахмедқызы Қонаева 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Қонаев қорына сілтеме жасап.

Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қор ұжымы Рауза Минлиахмедқызы Қонаеваның қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Рауза Минлиахмедқызы 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шілік ауылында дүниеге келген. Ол Минлиахмед пен Зауре Қонаевтар әулетіндегі он бірінші, кенже бала болған. Жасы үлкен ағалары мен әпкелерінен жас айырмашылығы едәуір болған. Мәселен үлкен әпкесі Әмина одан 27 жасқа, ал ағасы Асқар 5 жас үлкен еді.

Білімін кеңестік кезеңдегі Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерде алған. 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы табысты аяқтады.

1957 жылдан 2016 жылға дейін Рауза Қонаева Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде екі ғылыми институтта еңбек етті. Алғашында Биохимия институтында (1957-1983 жж.) және кейін Молекулалық биология және биохимия институтында (1983-2016 жж.). Ол биология саласындағы танымал ғалым ретінде еңбектері Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен таралды.

Рауза Минлиахмедқызы зиялылығымен, қарапайымдылығымен, мейірімділігімен, әріптестері мен жақындарына әрдайым қолдау көрсете білетін қасиетімен ерекшеленді. Ол белгілі құқықтанушы Мұрат Баймахановқа тұрмысқа шыққан.

Олардың қызы Дина Баймаханова да отбасылық ғылыми дәстүрді жалғастырып, әкесінің жолын қуған. Ол – заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның тұңғыш Бас мүфтиі, көрнекті дінтанушы ғалым Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Молекулалық биология және биохимия институты
Өзгелердің жаңалығы