Діни және азаматтық неке. Депутаттар жаңа ұсыныс айтты

Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға бағыттаған сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі – Қазақстан болды. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды.

2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты. Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Осы ажырасқан отбасылардың көп бөлігі қала тұрғындары. Пайыздық өлшеммен алғанда 73,1 пайызды құрайды.

Жыл басында өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, олардың қоғамды ілгерілетуге байланысты пікірін тыңдап, біраз аманатты арқалап келдік. Сонда жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін қаперімізге тағы салды. Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етуде. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады, - дейді мәжілісмен.

Депутат олар мұндай әрекетке не үшін баратынын айтты.

Біз жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүретін отбасылардың әрекетін шарасыздықтан деп ақтап алуға да болар. Бірақ, олар нағыз мұқтаждардың жолын кесіп жатқанын түсінуіміз керек. Олар тауқымет тартқан талай отбасының алдына орап, кезегін кешіктіріп, обалына қалуда. Мәселенің мәні осында. Олардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайлы отбасылар кездеседі. Яғни, тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама?! Өтірікке құрылған неке отбасылық құндылықты да құлдыратып жіберетіні анық. Бұл да үлкен мәселе, - деп санайды Амантайұлы.

Депутат атағандай, соңғы уақытта сот тәжірибесінде де “жалған ажырасу” деген тіркес жиі айтыла бастады. Бұл жағдай ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуын алдын алу маңызы екенін тағы да көрсетеді.

Құқықтық тұрғыда бағалайтын болсақ, “жалған некенің” де, “жалған ажырасудың” да табиғаты – алаяқтықпен тең. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін “Неке және отбасы туралы” заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын басшылыққа алу қажет. Жас буынды отбасы құндылықтарына деген жауапкершілікті ұлттық таным тұрғысынан дәріптеуді жандандыру да үлкен міндет. Сонымен қатар, мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені ретеудің де тетігін қарастыратын уақыт жетті, - деп атап өтті депутат сауалында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы