Діни мекемелердің өзіне бәс тігетін терминалдар қойған – Руслан Берденов
Депутат Руслан Берденов мұндай пікірді Мәжілісте өткен ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын талқылауға арналған отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ойынқұмар, бәс тігу деген кезде “Сәтті жұлдыз” компаниясы көбіне ұмытылып кетеді. “Сәтті жұлдыз” барлығымыз білетіндей, еліміздегі монополист компания. Бір-ақ компания... Барлық дүкенде, үйде, тіпті діни мекемелерде де бар екен. Кеше діни мекемелердің өзіне қойып қойған видео көрдім. Бұл жасқа қарамайды, оны жасы да, кәрісі де ойнайды. Жақында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Қалиұлымен бірге қаншама жұмыс істедік. Қазақстан бойынша заңсыз жұмыс істеп тұрған 326 лото-клуб жабылды. Алайда заңды да жұмыс істеп тұрған қашама лото-клуб бар, - деді Берденов.
Депутат олардың да жұмысын қарастыру керегін атап өтті.
Бұл біздегі дерт, үлкен проблема екенін білеміз. Тіпті әскерде де... Бізді әскери орталықтар да шақырды. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлтты қорғайтынын ұйым болғанымен, өкінішке қарай, өздерін де қорғай алмай жүр. Оның ішінде 50 пайызға дейін осы дертке (лудомания – ред.) шалдыққан. Біздің ұлтымызды қорғаудың орнына өздері құмар ойындармен әлек болып жүр. Олармен де сөйлестік. Ол жақта да проблема өршіп тұр, - деп айтты ол.
Сөзінше, елімізде онлайн бәс тігуге болатын клубтар 90% болса, 10%-ы оффлайн. Олар жұмыс істеп тұрған казинолар. Депутат онлайнға қатысты әлемде жақсы тәжірибелер жетерлік екенін айтты. Ол соны қолдану керегін жеткізді.
Әріптесім айтып кеткендей, мүдделі топтар бар. Меніңше, олардың есімдерін, кім екенін және қандай лауазымда екенін айтудың қажеті жоқ. Бірақ сол мүдделі топтар бізге тосқауыл болады. Дегенмен әріптестермен сынып қалмайтын, қорықпайтын, қанша қиындыққа, сынға қалса да, осы заңды алып шығатын әріптестер керек деп келістік. Тағы да әріптестерімді шақырамын. Қолымыздан келгенше қатал заң, проблеманы шешетін заң шығарайық. Заңды шығарсақ, елімізге жақсы қызмет істеген азаматтар болып тарихта қалайық, - деп пікірін айтты Руслан Берденов.