Діндер лидерлері съезі хатшылығының отырысы: Астанаға 28 делегация келді
Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырыстың ашылуында Астанаға 22 елден 28 делегация келгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әшімбаев отырысқа қатысушыларды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығымен құттықтады.
Форум осы уақыт ішінде жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогтың маңызды платформасына айналды. Сондай-ақ өзара құрмет, татулық пен келісім мәдениетін дәріптеуге үлкен үлес қосты. Өткен 20 жылда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларына үлкен қолдау көрсетті, - деді ол.
Мәулен Әшімбаев бүгінде хатшылықтың отырыстары съезд жұмысының маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.
Біздің кездесулеріміз қашанда сенім мен ашықтық принциптеріне негізделеді. Сол арқылы ең өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылау игі дәстүр ретінде қалыптасты. Съезд хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Астанаға 22 елден 28 делегация келді. Олардың арасында бұған дейінгі съездер мен отырыстарға қатысып жүрген, сондай-ақ Қазақ елінің астанасына алғаш рет келген меймандарымыз бар, - деп айтты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы отырыста.