Дінде аурудан өлімге ұшырамай, емделу жолын іздеу қажеттігі айтылған – дінтанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының Дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова онлайн брифинг барысында вакцина салу жөніндегі исламдық пәтуа туралы айтты.

 
Гүлнар Жұманова қазіргі теология барлық өзекті мәселеге, соның ішінде денсаулық сақтау мен вакцина салуға қатысты сұрақтарға жауап беретінін жеткізді.

Сауд шейхы Абдуль-Азиз Ибн Бааздың иммундау мен вакциналану туралы қаулысында 20 276 пәтуасы бар. Жалпы мағынасы вакциналану – бұл аурулардан қорғанудың бір түрі. Сондықтан дерттің немесе кез келген эпидемияның алдын алудың пайдасы зор, - дейді дінтанушы.

Оның пікірінше, шариғат ережелерінің бірі - қауіптің алдын алу. Сондықтан иммундауды жүргізген жөн, өйткені вакцина салудың зиянынан гөрі пайдасы көп. Демек, екпе салдыру өте қажет.

Мәселен, БАӘ, Түркия, Малайзия сияқты мұсылман елдерінде коронавирусқа қарсы вакцина улема пәтуасының рұқсатымен жүргізіледі. Сауд Арабиясы вакцинациямен қамту бойынша әлемдегі ең жоғары елдердің бірі және осы ел үкіметінің өтініші бойынша Меккеге қажылыққа қатысушылардың барлығына COVID-19 вакцинасы міндетті. Ал біздің елде көп жыл бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы қолданыста. Оның өкілдері исламда адам өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ, сондықтан әркім өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек дейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз қолыңмен өлімге ұшырама», - дейді. Алла Елшісі: «Емделіңдер, Алла қандай ауруды жіберсе де, шындығында, емін де бірге жіберді» деген, - дейді дінтанушы.

Г. Жұманова «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді баса айтты. Сондықтан әр адам дертті емдеу мен оның алдын алу жолдары туралы ойлануы тиіс.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы