Динара Зәкиева екі баланың өліміне қатысты пікір білдірді
Динара Зәкиева Түркістандағы жантүршігерлік трагедияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қызылорда облысының тумасы өз балаларын өлтіргенін растады.
Екі бала анасының қолынан қаза тапты. Иманды болсын, періштелер. Қызылорда облысының тумасы Түркістан қаласына келіп, пәтер жалдағаны, содан соң туыстарына балаларды өлтірейін деп жатқаны туралы айтқаны белгілі. Мән-жай анықталып жатыр. Түркістан облысының Полиция департаменті істі тергеп жатыр, - деп жазды Зәкиева әлеуметтік желіде.
Еске сала кетейік, Түркістанда екі кішкентай баланы өлтірді деген күдікпен әйелге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Екі баласын өлтірді деген әйел Қызылорда облысы Шиелі ауданы А.С. Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде мектепке дейін білім беретін сыныпта тәрбиеші болып жұмыс істегені белгілі болды.