Дін көшбасшылары климаттың өзгеруіне қарсы күреске қалай үлес қоса алады?
Климаттың өзгеруі адамдардың күнкөрісіне, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етіп отыр. Бұл мәселені шешуге діни қауымдастықтар да үлес қоса алады. Бұл туралы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысында БҰҰ Өркениеттер альянсының директоры Нихал Саад мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» атты құжат жобасына тоқталған спикер бұл мәселені қазіргі заманның ең өзекті сын-қатерлерінің бірі деп атады. Оның айтуынша, климат өзгерісінің салдары түрлі өңірлер мен қауымдастықтарда сезіліп, тұрақты даму мен халықтың әл-ауқатына ықпал етіп жатыр.
Нихал Саад бұл сын-қатерді еңсеру үшін үкіметтер, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам, ғалымдар, бизнес, жастар және діни ұйымдар бірлесіп әрекет етуі қажет екенін айтты.
Діни қауымдастықтар мен дін көшбасшылары халықтың хабардарлығын арттыру, жауапты әрекетке үндеу және жергілікті деңгейде диалогты дамыту арқылы ортақ іске үлес қоса алады, – деді ол.
Спикердің пікірінше, дін өкілдерінің көпшілікке ой жеткізу және адамдарды жұмылдыру мүмкіндігі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұлттық және халықаралық бастамаларды толықтыра алады. Бұл әлеует экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жаһандық міндеттемелерді орындауға көмектеседі.
БҰҰ Өркениеттер альянсының директоры құжат жобасында діни дәстүрлерге ортақ құндылықтарға мән берілгенін атап өтті.
Діни дәстүрлердің айырмашылығына қарамастан, олардың бәріне ортақ қағидаттар бар. Бұлар – тіршілік әлемінің құндылығын мойындау, тепе-теңдікті сақтау, ұстамдылық, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік және ең осал топтармен ынтымақтасу, – деді Нихал Саад.
Оның айтуынша, ұлттық шекаралармен шектелмейтін мұндай мәселелерді шешуге түрлі сала өкілдерін тарту маңызды. Осы орайда БҰҰ Өркениеттер альянсы дін көшбасшылары, саяси шешім қабылдаушылар мен сарапшылардың ортақ мәселелер төңірегінде ынтымақтасуына бағытталған бастамаларды қолдайды.
Күрделі жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін техникалық шешімдер мен саяси шаралармен қатар, тұрақты диалог, өзара құрмет және ортақ игілік жолында бірлесе әрекет етуге деген ұмтылыс қажет, – деп түйіндеді ол.