Дін қайраткерлерін ақтауға арналған конференция өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда қуғын-сүргін құрбандарын, дін қайраткерлерін ақтауға арналған республикалық конференция өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен өткен конференцияда Отан үшін опат болған оғыландардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

Жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, ҰҒА академиктері, тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Дархан Қыдырәлі, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Сатершинов, Рахым Бекназаров, Досай Кенжетай, Шаповал Юлия, сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шәмшедин Керім, Мұхан Исахан, Төреәлі Қыдыр т.б тарихшы ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

Саяси қуғын-сүргін көрген ұлт қаймақтарымыздың қатарында хазіреттеріміз, ишандарымыз, ахундарымыз бен дін қызметкерлері болды. Өкінішке қарай, олар жайлы былайғы жұрт біле бермейді. Осы тұста Президентіміздің жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, оның жанынан қуғын көрген дін өкілдерін зерттеп, ақтауға арналған жұмыс тобы құрылғаны мемлекеттің үлкен қамқорлығы, бізге берілген мүмкіндігі деп білеміз. Бұл – ғалымдарымыз үшін дін қайраткерлерін зерттеуге ашылған даңғыл жол. Ақиқатында Кеңес үкіметінің не үшін дін қайраткерлерін қуғындағаны бәрімізге айқын. Өйткені ол заманда ишандар мен ахундар ұлттың қаймақтары болатын. Олар мешіт пен медресе ашып, шәкірт тәрбиелеп, дін насихатын жүргізумен ғана шектелмеді. Олар ұлт қайраткерлерін тәрбиеледі - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти кеңес заманында дінді қоғамдық өмірден ысырудың барлық амалы жасалып, осы бағытта идеологиялық жоспар құрылып, пәрменді түрде дін мемлекет құрылымынан, адамдардың жеке өмірінен алыстатылғанын атап өтті.

Біздің тарихымызда осындай қиын-қыстау замандар болды. Біздің ендігі мақсат – келмеске кеткен осы бір нәубетті күндерден сабақ ала отырып, сол заманның тағдыр тауқыметін арқалаған арда азаматтарымыз бен тау тұлғаларымызды тереңірек тануымыз қажет. Дін қайраткерлерін ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ел арасындағы дін қайраткерлері жайлы ауызша және жазбаша деректерді жинақтап, архивтердегі ғылыми мәліметтер мен құжаттарды тауып, олардың есімін есте қалдыру үшін жұмыс істеуіміз керек. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – бізге аманат - деді Бас мүфти.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы