Димаштың жанкүйерлері Алматыда бас қосты
Мегаполисте “D and Dears” фан-кездесуі өтіп жатыр. Ерекше кешке әлемнің 40-тан астам елінен жанкүйерлер жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматыда Димаш Құдайбергеннің «Stranger» концертінің кинотеатрларға шығуына орай ұйымдастырылған «D and Dears» атты ауқымды фан-кездесу өтті. Бұл шараға 8 мыңға жуық адам қатысты.
Кеш барысында жанкүйерлер Димашқа тікелей сұрақтар қойып, оның шығармашылығына арналған арнайы шоу бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, концерттік атмосфераны отандық эстрада жұлдыздары қыздыра түсті. Шарада Сәкен Майғазиев, Sadraddin, Kesh You тобы, Ақбота-Нұр, Ернар Амандық, Дастан Оразбеков және басқа да танымал қазақстандық әншілер өнер көрсетті.
Айта кетейік, өткен жылы қараша айында өткен Димаш Құдайбергеннің «Stranger» концерттік шоуының фильм нұсқасы 27 мамырдан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі фан-кездесудің басты мақсаты – осы фильмге назар аудару.
Бұл кеш жанкүйерлер үшін Димаштың шығармашылығына жақын болудың тағы бір ерекше мүмкіндігіне айналды.