Димаштың концертіне әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлер жиналды

23 желтоқсан күні Гонконгта Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ dimashnews сайтына сілтеме жасап.

Мереке атаулы күнге арналған – осыдан жеті жыл бұрын 22 жастағы қазақстандық музыкант «I am a Singer» жобасына қатысу үшін алғаш рет Аспан асты еліне келген болатын. Жас әнші байқаудың алғашқы турында-ақ миллиардтаған көрерменді бағындырып қана қоймай, жобаның соңына дейін сәтті жетті, күн сайын жанкүйерлер аудиториясы да кеңейді. Оларды жүрекке жақын адамдар ретінде – Dears деп атады.

Содан бері 7 жыл өтті, әртүрлі елдер мен континенттерде Димаштың жанкүйерлері көбейді.

Жаңа – 2024 жыл қарсаңында әртіс 7 жыл бұрын өзінің шығармашылық жолына жаңа леп берген жерге қайта оралды. Гонконг Көрме орталығына Қытайдың, Еуропаның, Американың, Азияның және Африканың түрлі қалаларынан Dears жиналды. 2022 жылдың қыркүйегінде Алматыдан басталған «Stranger» атты әлемдік шоу-турнесі осы кеште де ерекше өтті.

Димаш Құдайберген концертті «Golden» әнімен ашты. Кейін кештің алғашқы тосынсыйы – «Smoke» жаңа композициясы шырқалды.

Шоудың екінші бөлімі «Аve Maria» вокализі және Dears премьерасын асыға күткен «When I’ve Got You» жаңа әнімен жалғасты.

Димаш 10 жыл бұрын жазған «Ұмытылмас күн» әні Санжай Әлмішевтің сыбызғыда сүйемелдеуімен ұсынылды.

Қазақстандық әншінің көптеген үлкен концерттерінде жұлдыздар арнайы қонақ ретінде өнер көрсетеді, осы күні де дәстүр сақталды. Қазақстандық өнерпазды қолдауға Димаш «I am a Singer» жобасына қатысқаннан бері танитын танымал музыкант, әнші, композитор және продюсер Джастин Ло келді. Джастиннің жеке орындауынан кейін екеуі қытай тілінде «愛是永恆»/»Махаббат мәңгілік» әнін орындады.

Концерттің бір блогы аспаптық нөмірлерден басталды. Алдымен Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз домбырада, Әбілмансұр Құдайберген гитарада залға ерекше атмосфера сыйлады. Одан әрі Димаш Әбілмансұрдың «Together» авторлық әнін орындады. Бұл туынды әлемдік чарттарда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған еді.

Кештің соңғы блогы ресейлік композитор Игорь Крутойдың «Stranger» композициясымен ашылды.

Д.Құдайберген өзінің достарымен бірге халық аспаптарының дыбысталуына заманауи музыкалық әдістердің үйлесім мүмкіндігін паш етіп, «Адай» күйі мен «Дүрдараз» халық әнін орындап берді.

Концерттің финалында барлық жанкүйердің жүрегінін орын тапқан музыкалық шығарма – «Autumn strong» шырқалды.

Dears… Біз бір–бірімізді көптен бері көрмедік, мен сіздерді сахна үстінен үлкен, тату отбасы екендеріңізді көріп тұрмын. Қолдауларыңыз үшін рақмет. Сіздер болмасаңыздар мен ештеңеге қол жеткізе алмас едім, барлығы сіздердің қолдауыңыздың арқасында. Келесі кездесуді тағаттана күтемін, – деп Димаш жанкүйерлеріне шын жүректен алғыс айтып, концертті аяқтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы