Димаштың атасы жайлы деректі фильм түсірілді

Әлемдік деңгейдегі дара әнші, қазақ елінің мақтанышы Димаштың атасы Құдайберген Айтбаев жайлы фильм түсірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шежірелі қарттың өмір тарихын, өнегелі әулеті мен ұрпақтарының өмірдегі және өнердегі жетістіктері туралы деректі фильм «Хабар» арнасынан көрсетілді.

«Тектілік тұғырынан таймаған Құдайберген Айтбаев» атты деректі фильм абыз ақсақалдың өмірінен сыр шертетін естелік ретінде түсірілген. Фильмде бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет сияқты қазақ халқының тәрбиелік мәні зор құндылықтары бас кейіпкердің өмір жолы арқылы насихатталады.

Ұрпақтарын ұлттың баласы етіп тәрбиелеген абыз ақсақалдың шаңырағы «Мерейлі отбасы» атанғанын жақсы білесіздер. Текті әулеттен шығып, өнер әлемінде қанатын кең сермеген Димаш Құдайберген - атасы мен апасының ерекше қамқорлығын көріп, өнегесіне сусындаған өрен. Қоғамға отбасылық құндылықтарды насихаттап, дәріптеуде Құдайберген ақсақалдың әулетін үлгі ретінде ұсынған дұрыс, - деді «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли деректі фильм жайлы айтқан пікірінде.

Құдайберген Айтбаев биыл 82 жасқа қараған шағында дүние салды. 2018-жылы Димаштың ата-әжесі үйленгендеріне елу жыл толуына орай “Алтын тойларын” өткізген болатын. Ал 2019-жылы ақсақал мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі жоғары бағаланып, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы