Димаштың әкесі ұлының жоспарларымен бөлісті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Димаш Али» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтанда өткен кезекті жеке концертінен кейін сұхбат берді.
«Концерт алты ай бұрын жоспарланып, іске қосылған үлкен механизм. Бұл шараны желтоқсан айында ойға алып, ұлттық арнаның, Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшылығымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Ойдағыдай өтті деп есептеймін. Масштабы кең концерттік бағдарлама болды. 60-қа жуық мемлекеттен көптеген жанкүйер, тыңдарман келді. Барлығы ықылас тілектерін, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Қазақтың еліне, мәдениетіне деген олардың құрметі біз үшін бағалы дүние. Ел мен елдің арасындағы қарым-қатынасты, байланысты қалыптастырып, достықты нығайту үшін, елдің имиджін көтеру үшін бұл өте жақсы шара деп есептеймін. Концертті ұйымдастыруға, атсалысуға мұрындық болған барлық азаматтарға алғыс айтамын», - деді Димаштың әкесі.
Ол ұлының алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Алда жоспарлар көп. Ресейде, Еуропада, Азия мемлекеттерінде көптеген концерттік шараға шақырулар түсіп жатыр. Бірнеше фестивальге қонақ ретінде шақырды. Солардың барлығына да амандық болса барамыз. Жоспарлар нақтыланған кезде хабарлап айтамыз», - деді Айтбаев.
Қанат Айтбаев концерттен кейін Димаштың демалатынын айтты.
«Оның міндетті түрде демалуын, уақытылы жұмыс жасауын қадағалаймыз. Ең бастысы – Димаштың денсаулығы, болашағының жарқын болғандығы. Сондықтан оның барлығы да біздің бақылауымызда. Уақытымен жұмыс істеп, уақытымен демалуын барынша қадағалауға тырысамыз. Бірақ Димаш өте еңбекқор адам болған соң, өзінің алған мақсатына табанды түрде қол жеткізгенге дейін үнемі еңбектенеді. Еңбек пен демалысты ұштастырып отыруға біз әрқашанда кепіл боламыз», - деп айтты өнер иесі.
«Димаш Али» шығармашылық орталығы Димаштың төрт жасында 1998 жылы құрылды. Орталық тұрақты түрде осы баланың қалыптасуы үшін жұмыстар атқарып келе жатыр. Жетекшісі – өзім. Көптеген елде концерттік агенттіктермен, продюсерлік орталықтармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Қытайда, Ресейде әріптестеріміз бар. Еуропада, Америкада концерттік бағдарламалармен жұмыс жасайтын азаматтармен байланыстамыз. Барлығының нәтижесінде осындай жұмыстар іске асып жатыр» , - деп сөзін түйіндеді ол.