"Шетелдіктер елімізге құрмет көрсетті". Димаштың әкесі Нью-Йорктегі концерт жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нью-Йорктен елге оралған Димаш Құдайбергенді Назарбаев халықаралық әуежайынан бір топ жанкүйері күтіп алды. Маңызды кездесуге асыққан Димаш ойымен бөлісіп үлгермесе де, әншінің әкесі Қанат Айтбаев аншлагпен өткен концерт туралы айтып берді.


Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Қазақ елінің осындай қолдауын сезіне отырып, Нью-Йорк төрінде әлемнің ең үлкен сахнасында қазақ өнерінің салтанат құрған күні болды. Біз үшін үлкен мақтаныш, үлкен қуаныш. 60-тан астам мемлекеттен Димаштың көптеген тыңдарманы, жанкүйері келді. Сол қаншама елден келген жанкүйер біздің елімізге құрмет көрсетіп Қазақстанның туын әкеліпті. Біздің туымызды жалаулатып отырды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш, жанымызға қуат берген сәт болды. Сондықтан елге, өнерімізге, қазақ халқының әндеріне деген құрметке бөлену біз үшін ең үлкен бақыт. Бұл бір баланың ғана емес, тұтастай қазақ халқының үлкен мерейі деп түсінеміз. Сондықтан да ауылда, елде отырып тақымын қысқан, ақ тілегін жаудырып отырған барша ағайынға, еліміздің басшылығына алғысымыз шексіз. Димаштың жақсылығын асырып қашан да елге насихаттап жүрген, журналистер қауымы, сіздерге рахмет, - деді Димаштың әкесі.




Қанат Айтбаев Нью-Йоркте концертті өткізу кезінде уақыт айырмасына байланысты шаршау болғанын айтты. 

Кез келген концерт эмоционалдық, физикалық тұрғыда күш-қайратты талап етеді. Оның үстіне басқа континентте өтті. Біз жақта түн болса, ол жақта – күндіз. Ол жақта түн болған кезде, Қазақстанда күндіз болады. Адам организмі қалыптасуы үшін де біраз уақыт керек. Димаш бара салып концерт берді. Шаршау болды. Бірақ концерттен кейін үлкен эмоционалды қуаныш сезімі басып кетті. Сол жақта халқымыздың әндері шырқалып, домбырасының үні әуелеп, мемлекет аты аталып, туымыз көтерілді. Біз үшін үлкен күш-қуат беретін сондай әдемі фактор, - деді Айтбаев.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, Димаш Құдайберген "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атанғанын ұшақтан түскенде білген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы