Димаш уханьдық тыңдармандарына қолдау көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әнші Димаш Құдайбергенов коронавируспен күресіп жатқан ухандық "Dears-дәрігерге" сәлем жолдап, қолдау білдірді.

Отандық әншінің айтуынша, ол Weibo (Қытайдағы Instagram нұсқасы - автор пікірі) әлеуметтік желісіндегі суреттердің бірінен "Dimash пен Dears" (әншінің жанкүйерлері өздерін солай атайды) жазуы жазылған ақ халатты дәрігерді байқап қалған.

Ухань қаласында науқастарды коронавирустан құтқарып жатқан Dears-дәрігер суретін көрдім. Жақында барлығы жақсы аяқталады деген үміттемін. Өздеріңізге абай болыңыздар, - деп жазды әнші Instagram-дағы әлеуметтік желідегі жазбасында.

Естеріңізде болса, коронавирустың алғашқы белгілері Қытайдың дәл осы Ухань қаласында анықталған болатын. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Қытайдан тыс 76 ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 12 668 адамды құраса, көз жұмғандар саны 214-ке жеткен.

Сонымен бірге вирус таралған елдер қатарына Аргентина, Чили, Польша, Украина қосылды. ДСҰ мәліметінше, Қытайдағы коронавирустан 2984 адам көз жұмып, науқастар саны 80 442-ге жеткен.

Ал жалпы әлем бойынша коронавирус жұқтырушыларының саны 93 090 адамды құрап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы