Димаш Құдайбергеннің жаңа жобасы Қытай телеарнасында көрсетіледі

Бүгін, 5 ақпанда сағат 22:00-де Қытайдың Hunan TV арнасында Voice beyond Horizon халықаралық жобасының премьерасы өтеді. Қазақстанда бағдарлама 14 ақпанда Qazaqstan телеарнасынан көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жобаның бастамашысы – әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген. Түсірілім толығымен Қазақстан аумағында өтіп, Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарын, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларын қамтыды.

Бағдарламаға Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің орындаушылары қатысқан. Жоба шетелдік аудиторияны еліміздің табиғи көрікті жерлері мен туристік әлеуетімен таныстыруды мақсат етеді.

Көрермендер ежелгі Түркістан, Каспий жағалауы, Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Щучье-Бурабай курорттық аймағын тамашалай алады.

Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтың айтуынша, бұл жоба Қазақстанды халықаралық медиа кеңістікте ілгерілетуге бағытталған стратегияның бір бөлігі.

Hunan TV арнасының аудиториясы 1,9 миллиард адамнан асады. Жоба Mango TV цифрлық платформасында да қолжетімді болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash
Өзгелердің жаңалығы