Димаш Құдайберген Женевада маңызды кездесулер өткізді
Танымал әнші Димаш Құдайберген Женева қаласына барып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевалық филиалының басшысы Татьяна Валовамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалардың болашағын талқылап, Женева кітапханасы мен БҰҰ мұрағаттарындағы өнер туындыларымен танысқан.
Бірлескен жобалардың келешегін талқыладық. Сондай-ақ белгілі тұлғалардың әмбебап адами құндылықтарды, бейбітшілік пен өзара түсіністік идеяларын ілгерілетуде ерекше рөл атқара алатынын атап өттік. Біз Ұлттар сарайында болып, Женева кітапханасы мен БҰҰ мұрағаттарындағы өнер туындыларымен, тарихи құжаттармен және нысандармен таныстық, - деп жазды Димаш.
Сонымен қатар Уилсон сарайында - БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасында және халықаралық көші-қон ұйымының штаб-пәтерінде кездесулер өтті.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігіне барып, қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен кездестім. Тұрақты өкіл Ерлан Әлімбаевпен кездесу барысында мен Женева алаңындағы жұмыста Қазақстанның басым бағыттарымен таныстым, - деп қосты әнші.